ШҚО-да қараша айында ауа райы қандай болады?

523
көрілім
Шартты фотосурет

«Қазгидромет» РМК мамандары қараша айына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Қылаулап қар түседі деп жазды ауа райын болжағыштар. Тіпті айдың алғашқы онкүндігінде Алтай тауы ақ кепешін киіп, суытуы мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сонымен «Қазгидромет» синоптиктерінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан көлемінде жауын-шашын мөлшері жылдағы нормадан аспай, бірқалыпты болады. Яғни, күн суытқанымен жаңбыр мөлшері толассыз тамшыламайтын көрінеді. Айталық, қараша айының 2-6 аралығында аймақтың бірқатар қалалары мен аудандарында аспанды қалың бұлт торлап, таулы өңірлерде жаңбыр сіркіреуі мүмкін. Ал ай көлемінде ауа райының құбылуы, тұман түсуі жиілеп, кей елдімекендерде көктайғақ болуы ықтимал.

– Алғашқы онкүндікте облыс бойынша түнде сынап бағанасы 0… -10°С, ал күндіз 0...+5°С аралығында болады, – делінген «Қазгидромет» ұсынған мәліметте. – Екінші, үшінші онкүндіктерде температура айтарлықтай төмендейді: түнде -15-25°С, күндіз -5-12°С аралығында құбылады.

Тағы бір дереккөздерде қарашаның алғашқы онкүндігінде Зайсан, Тарбағатай аудандарында күндіз тұман түсіп, кей елдімекендерінде жел тұрады. Ұлан, Күршім және Самар аудандарында ара-тұра ақ жауын сілбілеп, күндіз температура -2-4°С аралығында болмақ.

Бірінші онкүндіктің соңында Глубокое, Алтай аудандарында көктайғақ күтіліп, Катонқарағай ауданында күндіз сынап бағанасы -3-5°С аралығында салқын болады деп жазылған. Синоптиктер қараша айының соңы ашық, аспанды бұлт басқанымен жаңбыр күтілмейді дейді.