ШҚО-да соңғы екі жылда жәндік шағып дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің саны 5 мыңнан асқан

519
көрілім

Шілде айының соңында Семей қаласының маңындағы Қайнар ауылында жергілікті тұрғынды улы сұр жылан шағып алған. Зардап шеккен әйел ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің хабарлауынша, бұл биылғы жылы орын алып отырған бірінші жағдай емес. Осы орайда Бұқара.кз сайтының тілшісі облыс тұрғындары жәндік шағуының салдарынан дәрігерлердің көмегіне қаншалықты жиі жүгінетіндігін, жәндік шаққан кезде қандай алғашқы көмек көрсетілуі керек екендігін зерттеп көрді.

Жыландар жиі кездеседі
Қайнар ауылында орын алған оқиға 25 шілде күні шамамен сағат 23.00-де орын алған. Ауыл тұрғыны кешкі уақытта серуендеп қайту үшін далаға шығады. Қараңғыда жүріп келе жатқан оны кенеттен жылан шағып алған. Зардап шегуші «Жедел жәрдемге» тек 17 сағат өткеннен кейін ғана қоңырау шалыпты. Семей қаласының «Жедел жәрдем» қызметкерлері осы оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді:
– 26 шілде күні сағат 16.22-де бізге қоңырау шалған әйел адам оны жылан шағып алғандығын, соның салдарынан басының қатты айналғандығын және тоқтаусыз терлеп-тепшігендігін айтты, – дейді Семей қалалық «Жедел жәрдем» станциясы орталық қосалқы станциясының бастығы Эльвира Гатауллина. – Биылғы жылы осындай жағдай бірнеше рет орын алып отыр. Мысалы, бақшасын суарып жүрген саяжай тұрғынын улы сұр жылан шағып алған. Ол ер адам да бірнеше сағат өткеннен кейін ғана ауруханаға хабарласты.

Зоологтардың сөздеріне сүйенсек, улы жыланның бұл түрі Шығыс Қазақстанда жиі кездеседі. Ал олардың бұл белсенділігі ауарайына байланысты туындаған сыңайлы.
– Улы сұр жылан негізінен жазық даланы мекендейді. Бауырымен жорғалаушыларды қалалық жерлерде тым сирек байқайсыз. Біздің облысымыз олардың өмір сүруіне өте ыңғайлы. Күннің аптап ыстығында улы сұр жыландардың белсенділігі барынша артады, – дейді облыстық балалар биологиялық орталығы директорының орынбасары Наталья Ксенофонтова.
Осы ретте, ақ халаттылар тұрғындарға жылан шаққан жағдайда дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінуге кеңес береді.
– Сұр жыланның уы адам ағзасына гемолитикалық әсер етеді, – дейді Эльвира Гатауллина. – Ол өне-бойға оттегі беретін қанның қызыл түйіршіктерін (эритроцит) ерітеді. Жылан шаққан адамның денесінде ісіну мен қызару байқалады. Зардап шеккен жан басының айналғандығын, дене қызуының көтерілгендігін, қатты терлейтіндігін, жүрегінің айнитындығын сезінеді. Ал құсу және қан қысымының төмендеуі тым сирек кездеседі.

Кененің кеселі көп
Орманды алқаптар мен дала гүлдерін мекендейтін кенелерден келетін қауіп аз емес. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, өңір бойынша кене шағып қайтыс болғандар да бар.
– Соңғы 5 жылдың ішінде Риддер қаласында шаққан 5 адам кенешағып мерт болды. Халықтың кене шағудан өлім-жітімінің негізгі себебі – медициналық көмекке тым жай жүгінуі, ілеспелі-созылмалы ауруларының болуы, – дейді басқарма басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.
Дәрігерлер кенеден қорғану үшін дене мен киімдерді қорғайтын әртүрлі заттарды пайдалануға, ұсақ паразиттер көрініп тұратын ашық түсті киімдерді киюге, шөптің үстіне жата кетпеуге кеңес береді.
– Медициналық ұйымдар кене шаққаннан зардап шеккен адамдарды тіркеуді, есепке алуды, науқастарды диагностикалау, ауруханаға жатқызу, емдеу және ауырып-сауыққан адамдарды диспансерлеуді жүргізуде, – дейді Райфа Сафиоллақызы. – Көктемгі-жазғы кене энцефалитімен ауырған адамдарды диспансерлік бақылауды пациенттің денсаулық жағдайына байланысты екі және одан да көп жыл бойы невропатолог дәрігер айналысады. Айта кету керек, сондай-ақ медициналық ұйымдар кене шаққаннан зардап шегетіндер санын азайту үшін жоспарлы иммундау шараларын жүзеге асырады. Ол профилактикалық иммундау қызметі табиғи ошақтарға жақын өмір сүретін адамдарға жасалады.
Оның айтуынша, медициналық ұйымдардың басшылары жоспарлы иммундауға жатқызылатын адамдардың тізімін тұрғындардың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне жыл сайын беріп отырады. Сонымен қатар, кене жиі кездесетін елді мекен тұрғындарына белгілі бір мерзімде иммуноглобулин салынады екен.

Зардап шеккендер аз емес
Шығыс Қазақстан облысында жылан мен кенеден басқа да шағатын жәндіктер жетерлік. Өңіріміздің ауа райы қарақұрттың тіршілік етуіне де өте жайлы. Одан бөлек кейде тіпті бойында аллергиясы бар адамдарды ара шаққан кезде де денсаулығына зақым келіп жатады. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, соңғы екі жылда жәндік шағып дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің саны 5 мыңнан асқан.
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2016 жылғы 23 қарашадағы №907 «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, жәндік шағу бойынша мониторинг жүргізу нысаны бекітілмеген. Алайда жедел деректер бойынша биылғы жылы облысымызда жәндік шағып зардап шеккен 5112 адамға медициналық көмек көрсетілді. 2016 жылы кене энцефалиті бойынша медициналық ұйымдарға 5027 адам жүгінген, – дейді Райфа Сафиоллинова.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ