ШҚО-да тоғызқұмалақтан ҚР чемпионаты өтті

157
көрілім

Өскеменде тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасында жекелей ҚР чемпионаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
21-30 наурыз аралығында облыс орталығындағы “Қажымұқан” жекпе-жек сарайында ұлттық спортты дәріптеу мақсатында тоғызқұмалақтан республикалық чемпионат өтті.  Тартысты жарысқа еліміздің 16 облысынан 19 команда 376 спортшы бақ сынасты.
Жарысқа 15-17 жастағы жасөспірімдер мен 19-21 жас аралығындағы жастар қатысты.  Ұлттық спортымызды қолдауға келген қонақтар мен қатысушылардың рухын көтеретін патриоттық әндер шырқалды.
Тоғызқұмалақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы және жарыс ұйымдастырушысы Дәулет Әбдікәрім жарыс классика, блист, рапид кезеңдерінен тұратындығын атап өтті. Классика кезеңі 1-3 сағатқа дейін, рапид кезеңі 20-40 минутқа созылса, тоғызқұмалақтың құлағында ойнайтындар үшін блист кезеңі 7-14 минутта аяқталды.
Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Павлодар облысы иеленсе, екінші орынды Қостанай облысы, үшінші орынды Ақтөбе облысы қанжығасына байлады. Он күнге созылған бәсекеде 19-21 жас аралығындағы жастар арасында өзінің ой ұшқырлығымен оза шапқан Абай облысының спортшысы Аяна Исахан блист кезеңі бойынша чемпион атанды.
- Тоғызқұмалақ ойнауға бала кезден баулыған әкеме алғыс білдіремін. Жарыс соңғы кезеңге дейін өте тартсыты өтті. Қарсыластарым да осал болмады. Осы чемпионаттан 1-2 орын алған жеңімпаздар қыргүйек айында өтетін Румыния еліндегі әлем кубогына жолдама алдық. Елімізге жеңіспен ораламыз деп үміттенемін, - деді Аяна Исахан.
Нұрдәулет Қалибеков