ШҚО-да ұтқан грантын игере алмаған кәсіпкерлерге шара қолданылды

699
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің ұйымдастыруымен өткен жиында 33 жобаның толықтай жүзеге аспағандығы анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Атап айтқанда, 99 кәсіпкер өз бизнес-жобасын жүзеге асыру үшін 2021 жылы қайтарымсыз грант алған. Биыл «Даму фонды» АҚ тексеру жүргізіп, 33 жоба толықтай жүзеге аспағандығын алға тартып, қорытынды жасаған. Бірақ, кейбір жобалар кәсіпкердің қатысуынсыз зерделенген.

- Өз кезегінде, Кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының Комиссиясы осы аудиторлық қорытындыны негізге ала отырып, жалпы сомасы 159 миллион теңге болатын грантты 33 кәсіпкердің толықтай қайтаруы туралы шешім шығарған, - делінген мәліметте.

Кәсіпкерлер «Даму фонды» АҚ аудиторының тексеру қорытындысы мен грант бөлу комиссиясының шешімдеріне келіспеушілік танытып, анықталған кемшіліктерді жою үшін қосымша уақыт қажет екендігін айтты.

Департамент ұсынысына сәйкес осы жылдың 30 қаңтарында конкурстық комиссияның отырысы өткізіліп, нәтижесінде кәсіпкерлерге бизнес-жобаларды толықтай жүзеге асыру үшін қосымша 6 ай уақыт берілді.