ШҚО-да үздік Startup жобалар анықталды

410
көрілім

Өскеменде биыл тұңғыш рет өткен "Altai - 2019" облыстық хакатонында оза шапқандары белгілі болып, "Цифрлық Шығыс - 2019" IT-форумы қорытындылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттау салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, лебізін білдірді.

- Осындай сайыстардан өресі биік жастар суырылып шығады деген сенімдемін. Өңірде талапты жастар жетерлік. Мұны өздері жасаған жобаларына қарап байқау қиынға түспеді. Еліміздің жастары әлемнің үздік деген оқу орындарымен білім бәсекесіне түсіп жатса біз үшін үлкен мәртебе. Елімізге 5G желісі тартылар күн де алыс емес. Бұл дегеніміз - өңірдегі, еліміздегі жастар өзара бәсекелестікке түседі дегенге саяды, - деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Сонымен, берілген тақырыпты барынша түсінікті әрі тиімді тәсілмен ашуға тырысқан ЖОО студенттері арасында Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенттері үздік шықты. "Altai - 2019" хакатонында топ жарған олар 2 млн теңге қаржылай сыйлығына ие болды.

Алғаш рет ұйымдастырылса да айтарлықтай жоғары деңгейде өнер көрсеткен қатысушылар ішінде түрлі Startup жобалар бойынша бабы келіскендерге де қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Бұдан бөлек, жүлдеге іліккендерінің біршамасы алған ақшалай сыйлықтарды жобаларын әрі қарай дамытуға жұмсайтындықтарын жеткізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ