ШҚО-да Жастар жылында қандай шаралар атқарылды?

342
көрілім

«Ақыр түбінде қара бұлт ашылып, қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне, өз елін бақытқа бастар азамат боларына, бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімім бар» депті Сұлтанмахмұт Торайғыров. Алаш зиялылары аңсаған азаттықтың ақ таңы арайлап атқан шақ бүгін сіз бен бізге туып отыр. Жасындай жарқырап, оттай жалындаған жігерлі жастар елімізді жарқын болашаққа жетелейтіндігі хақ. Жастар жылында Шығыс Қазақстан облысында талай игі бастамалар көтеріліп өскелең ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер жасалды. Бұл жайлы Бұқара.кз сайтының тілшісіне ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова толыққанды әңгімелеп берді.

Келелі болашаққа – кемел біліммен

Ел болашағын ту еткен жастардың қаруы – білім болуы керек. Осы орайда өңірімізде «Білікті маман» жобасы іске асуда. Бұл жоба аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің грантынан бөлек, түлектерге арнайы гранттар бөлініп, білім нәрімен сусындауына жағдай жасалады.

– Облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждерде сұранысқа ие мамандықтарға грант бөлінеді, – дейді Арайлым Керімбекқызы. – Өткен жылы 446 адам грантқа оқуға түссе, 2019-2020 жылдарға 1200 грант қарастырылған. Мұндай қолдаудың арқасында шетелдерге оқуға кететін жастардың саны жыл санап азайып келеді.

Жастардың жеке кәсіппен айналысуы үшін биыл «Жаса» жобасы қолға алынған. Мұндағы мақсат – өздерінің бизнес жобаларын қорғаған тұрақты жұмыс орны жоқ жастарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржылай көмек беру.

– Бұдан бөлек, «Жас кәсіпкер» жобасы бар. Бүгінгі уақытта аталмыш жоба арқылы 1074 адам үш апта бойы кәсіптің қыр-сырымен танысып, стипендия алды. Олардың 834-і өз жобаларын қорғап шықса, 330-ы 505 мың теңгенің грантына ие болды. Жыл соңынан дейін басқа да жобалар қаржыландырылады, – дейді Арайлым Есімбекова.

Қылмыс саны азайып келеді

14-29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелетін қылмыс санын азайту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Қазірде бұның оң нәтижесі байқалуда.

– Құқық қорғау органдарымен меморандум жасасып, бірлескен жоспар құрған едік. Биылғы жылдың 9 айында өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда жастар арасындағы қылмыс 38,6%-ға төмендеді. «Қауіпсіз қала» акциясы арқылы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрмеуін қадағалаймыз. Осындай рейдтер өңірдің бірқатар қала, аудандарында жүргізілді. Соның нәтижесінде қазір 18-ге келмеген бозбалалар мен бойжеткендерді арақ-шарап сатылатын жерлерден сирек кездестіреміз. Мысалы 2018 жылы бір рейдтте орта есеппен 4-5 құқықбұзушылық анықталса, осы жылы соңғы жасаған рейд барысында бірде-бір факті тіркелмеді, – дейді әңгімелесушіміз.

Сонымен қатар «Қорғау» жобасы аясында жастар заңға қатысты кез келген сауалдарына жауап ала алады. Арнайы заңгерлер әр бапты жіті түсіндіруге әзір.

Шығыс Қазақстан облысындағы жастар мәслихатында 384 жас депутат жұмыс істеуде. Бір айта кетерлігі, республиканың басқа өңірлерінде мұндай мәслихат мүлде жоқ. Осылайша, аймақ жастарына мемлекеттік құрылым мен саясаттың бүге-шүгесімен танысуына мүмкіндік берілуде.

Жұмыс табуға жәрдем

Жыл басынан бері ШҚО Жастар орталығына 1193 өтініш келіп түскен. Оның 786-ына консультативтік көмек берілсе, 255 адамға түрлі мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Өтініш берушілер көп жағдайда жұмыс іздеп немесе қандай да бір бағдарлама бойынша кеңес сұрап келетін көрінеді.

– «Серпін» бағдарламасымен келген студенттермен де белсенді жұмыс атқарудамыз. Бүгінде 5 жоғарғы оқу орны мен 10 колледжде 3320 серпіндік білім алуда. Әрдайым олармен кездесу шараларын өткізіп, бастамаларына қолдау танытудамыз. Оқу бітіретін жастарды жұмыспен қамту үшін қалалар мен аудандардың жоғарғы оқу орнындағы күндерін ұйымдастырамыз. Бұл болашақ мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ осы жылы 97 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Нәтижесінде 1270 адам жұмысқа орналасты, – дейді ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры.

Облыс бойынша жұмыссыз жастардың саны 3,5%-ды құрайды екен. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 0,2%-ға төмен.

– Келесі жыл – Еріктілер жылы болып бекітілді. Бізде осыған дейін еріктілердің қатысуымен әр түрлі шаралар, акциялар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Арыс қаласына 400 келі азық-түлік, киім-кешек жөнелтіліп, көпшілік донер ретінде өткізіп көмек жасады. Одан бөлек, өткен жылы тасқын судан зардап шеккен Алтай ауданының тұрғындарына 600 келі азық-түлік жіберілген болатын. Еріктілеріміз «Үміт» балалар үйі мен Қарттар үйіне жиі барып түрлі шаралар өткізуде, – дейді Арайлым Есімбекова.

Жалпы, облыс көлеміндегі 7 университетте 4 еріктілер ұйымы бар. 75 колледж бен мектептерде де еріктілер қозғалысы белсенді жұмыс істейді.

– Қазір жастар өте сауатты, белсенді, – дейді Арайлым Керімбекқызы. – Шешім қабылдамас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Студенттердің өздері жеке кәсіппен айналысып жүреді. Бір орнында тоқтамай, алға ұмтылатын осындай жастарды көргенде жан сарайым жадырап, кеудемді қуаныш кернейді. Себебі еліміздің әлемдік аренада нық орнығуы осы өскелең ұрпаққа тікелей байланысты ғой. Мағжан Жұмабаев айтқандай «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастарға мен де сенемін!

Шығыс Қазақстан облысындағы жастар саны 264 мыңнан асады

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ