ШҚО-да ЖРВИ-мен сырқаттанғандар саны өсуде

279
көрілім

Аймақ дәрігерлері қаңтар айынан бастап жедел респираторлы вирустық инфекциямен сырқаттанушылардың көбейгенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

- Қаңтар айының екінші онкүндігінде облыс бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанған 7106 адам тіркелген. Оның ішінде 1433 адам облыс орталығының тұрғыны, - деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли. - Өткен маусыммен салыстырғанда осы жолы сырқаттанушылар саны 23 пайызға өскен.

Сонымен қатар ақ халаттылар Қытайдағы коронавирус инфекциясының облыс үшін қауіп төндіріп отырғанын айтып, алаңдаушылық білдіруде.

- Коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында Қытайдан келген азаматтардың барлығы шекаралас Зайсан, Үржар аудандарындағы «Бақты» және «Майқапшағай» санитарлық бақылау пункттерінде тексеруден өткізіледі, - деп атап өтті Владимир Ли. - Сонымен қоса келушілердің тұрғылықты жері бойынша тізімі жасалынып, медициналық ұйымдарға жіберіледі және ол адамдар 2 апта бойы бақылауда болады.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, республика аумағында, оның ішінде ШҚО-да коронавирус (2019nCov) инфекциясын жұқтырғандар тіркелген жоқ.