ШҚО-дағы су тасқыны жағдайынан ГЭС-ке қауіп төніп тұрған жоқ

170
көрілім

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы 60,5%-ға толды. Ресми ақпаратты Ертіс бассейндік инспекциясы басшылығы ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.  
Соған сүйенсек, су қоймасының бос көлемі 19,748 текше км суды құрайды.
«Болжам бойынша, алдағы үш айда 14 текше км-ге дейін су келеді деп күтілуде. Жалпы, жағдай тұрақты әрі үнемі бақылауда», - деді ол.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі барлық гидротехникалық құрылыс штаттық режимде жұмыс істеуде. Жалпы ақпан-наурыз айларында жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралар 100%-ға орындалды. 
Мамандар ұзындығы 135 шақырымды құрайтын 72 арнаны, ұзындығы 376 шақырым 448 арықты, автомобиль жолдарындағы 3696 су өткізу құбырын, 447 көпірді қардан тазартты. Облыстағы көлік және теміржолдары бойынша қатынас үзілген жоқ.


Кеше ғана ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінде су жіберу мәселесі бойынша жиын өтті. Соған сүйенсек, су деңгейі бойынша ахуал 13 сәуірмен тұспа-тұс келеді. Былтырға қарағанда он күн ерте екенін байқауға болады. Көп адам 2023 жылы Павлодар облысында егістік алқаптарын суару үшін су жеткіліксіз болғанын әлі ұмытпады. Соның нәтижесінде жем-шөп базасының тапшылығы туындады. Биылғы маусымда мұндай мәселе болмайды. Шүлбі ГЭС-інен су жіберу штаттық режимде іске асады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лұқбек Тұмашинов Өскемен ГЭС-ндегі жағдаймен танысты. Оған осыған дейін тұрғындардан гидроэлектр станцияларының жағдайы алаңдатып отырғаны жайлы өтініштер түскен. Анығы сол: Шығыс Қазақстандағы ГЭС-ке еш қауіп төніп тұрған жоқ.