Шығыс Қазақстанда археологиялық зерттеулер қарқынды жүргізілуде

328
көрілім

Қазақстанның жетекші археологтары Шығыс Қазақстан облысында қазба жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда Катонқарағай ауданындағы Берел қорғанын зерттеуді тарих ғылымдарының докторы Зейнулла Самашев жалғастыруда. Шілікті алқабында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына профессор Әбдеш Төлеубаев жетекшілік етуіп келеді. Тарих ғылымдарының докторы, еліміздегі алғаш шыққан Қазақстан тарихы кітабының авторы Карл Байпақов Ұлан ауданында орналасқан Абылайкит бекініс-монастырын зерттеп келе жатыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 2017 жылдың 29-шы қарашасында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Білек сыбана тер төккен археологтар өткен жылы 5 500 артефакт тапқан. 2017 жылы жүргізілген қазба жұмыстары тағы да 1500-ге жуық артефакттар әкелді. Олардың ғылыми және біліми құндылықтары өте жоғары болып отыр.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі археологиялық зерттеулерді қаржыландыруда. Археология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытудың үш жылдық жоспарына сәйкес ШҚО-да 2016 жылдан бастап жыл сайын 100 млн. теңгеден бөлініп келеді. 2018 жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бұл мақсаттарға қосымша 300 млн. теңге жұмылдырылмақ.

Қаржыландырудың ұлғаюы қоғамдық сананы жаңғырту үшін құрылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Шығыс Қазақстандағы ежелгі қазыналар» бағыты бойынша іске асады.