Шығыс Қазақстанда Тәуелсіздік күнінде 500-ден астам шара өтеді

575
көрілім

Тәуелсіздік күнінде Шығыс Қазақстан облысында 500-ден астам шара өтеді. Биылғы жылы есте қалатын, танымдық, қайырымдылық шараларды өткізу басты назарда. Олар қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен азаматтық ынтымағын арттыруға бағытталған. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанат Мекеева айтты.

«Мереке күні қарсаңында облыстың қалалары мен аудандарында ғылыми, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, саясаттанушылар мен заңгерлердің қатысуымен «Желтоқсан алауы» атты дөңгелек үстел өтеді. Сондай-ақ «Тәуелсіздік бастауы», «Қазақстан байтақ елім, тәуелсіз елім», «Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан», «Тәуелсіздіктің асқақ құндылықтары» конференциясы болады. Айта кету керек, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 82 қатысушысы оңалту куәлігін алды. Оларға бір реттік төлем жасалды», - деді Жанат Мекеева.

2022 жылдың 10 желтоқсанында облыстық Достық үйінде «Елімнің еркіндігі – Егемендік» тақырыбында колледж студенттері, жалпы білім беретін мектеп оқушыларының Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесуі өтті. Жиын барысында жиналғандар студенттермен естеліктерімен бөлісіп, сол бір нәубет күндердің ел үшін маңызына тоқталды.

«16 желтоқсанда Өскеменде Болат Төлепбергеновтің «Шығыстық желтоқсандықтар» кітабының тұсаукесері, «Желтоқсан алауы» мүсіндік композициясының ашылуы, гүл шоқтарын қою, Халифа-Алтай мешітінде жаназа рәсімі өтеді. Зайсанда Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылады», - деді ол.

Сонымен қатар 1986 жылы қайтыс болған «Желтоқсан оқиғасына» қатысушы – педагогикалық училищенің студенті Сәбира Мұхамеджанованы еске алу мақсатында Абай гуманитарлық колледжінде үлгілі кабинет ашылып, Сәбира Мұхамеджанова атындағы шәкіртақыны тапсыру рәсімі өтеді.

Бұдан бөлек, лблыста бірқатар нысан ашылады: Күршім ауданы Жолнұсқау ауылында 50 орындық мектеп , Ұлан ауданы Айыртау ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылында Мәдениет үйі, Катонқарағай ауданы Топқайың ауылында ауылдық клубтың ашылуы болады. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында көпбалалы отбасыларға 14 үйдің кілтін табыстау жоспарлануда. Барлық қала мен ауданда қайырымдылық шаралары, көрмелер, сынып сағаттары өткізілмек», - деді ШҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы.