Шығысқазақстандық дзюдошылар Еуропа кубогіне жолдама алды

918
көрілім

Маусым айының 21-25 күндері аралығында Түркістан облысының Шардара қаласында 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар арасында дзюдодан ел чемпионаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сайысқа еліміздің 14 облысынан бөлек, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан ұзын-саны 500-ден астам палуан қатысты.

- Аталған жарысқа Өскемен қаласындағы Жамбыл гимназиясының үш оқушысы жол тартты. 9ә сынып оқушысы Абзал Оспанов бес кездесу өткізді. Бірінші кездесуінде атыраулық З.Мейрамбекұлын, екінші кездесуінде Ақмола облысының палуаны А.Апсеметовті айқын басымдылықпен ұтты. Үшінші кездесуінде түркістандық М.Бейсеналиге есе жіберсе, қалған екі кездесуінде жеңіске жетіп қола медальды қанжығалады, - деді спортшылардың бапкері Болат Бейсембинов.

Бұрымдылар арасында 9а сынып оқушысы Жасмина Ескендірова татамиге барлығы 5 мәрте беттеді. Соның үшеуінде үш рет қарсыласының осал тұсын тапса, екі мәрте есе жіберіп, нәтижесінде 4-ші орыннан көрінді. Ауқымды жарыста ойдағыдай нәтиже көрсеткен жерлестеріміз ел құрамасы сапына өтіп, қазан айында Словакия елінде болатын Европа кубогіне жолдама алды.