Согра тұрғындарына терезелерді ашпауға кеңес берілді

363
көрілім

Экология департаментіндегілер титан-магний комбинатында аумағындағы қызғылт түтін туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде титан-магний комбинаты (ары қарай ТМК) аумағында зауыттан қызғылт түтін шығып жатқаны туралы бейнежазбалар таралған еді. Ресми ақпарат болмаған соң қала тұрғындары көптеген сұрақтардың жетегіне ерген-тұғын.
«ТМК» АҚ еңбекті қорғау, қоршаған орта және ТЖ бөліміндегілер «Комбинат аумағында ешқандай апат болған жоқ. Біз штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз» деп айтқан. Алайда толығырақ ақпарат алу үшін сұраухат жіберуімізді өтінді.
Бұл ретте ШҚО Экология департаментінде жағдайға түсініктеме берілді:
- Бүгін сағат 12:00-де Департаментке өтініш түсіп, сағат 12:15-те мамандар жағдайды анықтау үшін оқиға орнына барды. Санитарлық-қорғаныс аймағында атмосфераның беткі қабатында өлшеулер жүргізіліп, хлор мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан 4 есе асқаны анықталды. Қазір жоспардан тыс тексеру жүргізуді қолға алудамыз. Тұрғындарға терезелерді ашпауға кеңес береміз, - делінген.