Су басқан өңірлерге бірінші кезекте не қажет

74
көрілім
ашық дереккөзден

Қазір елорда аумағындағы бірқатар нысанда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жасау мақсатында волонтерлер қызмет етіп жатыр деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бірнеше күннен бері қала тұрғындары су басқан елді мекендердің тұрғындарына қажет жүкті жинап беруге белсенді атсалысып жатқанын байқадық.

Осы орайда «Астана жастары» ресурстық орталығы ұйымдастырған қоймаға барып, еріктілердің жұмысымен таныстық.

 

«Қазір еліміздің өңірлеріндегі елді мекендерді су басып, тұрғындар қиын жағдайға тап болды. Сондықтан ауылдарға гуманитарлық көмек қажет. Көбісінің үйі қирап, мал-мүлкінен айырылды. Олар жатақханаларға және басқа да нысандарға көшірілді. Әр қалада волонтерлердің кеңселері құрылып, олар көмекке мұқтаж адамдармен байланыс орнатып жатыр. Мәселен, Астана қаласында әлеуметтік 9 қойма жұмыс істеп тұр. Әр қоймамен тығыз өзара қарым-қатынас бар, яғни бір қоймада жеткілікті жүк жиналса, біз осы заттарды жеткізіп беретін жүк көліктерін іздейміз. Атап айтқанда, қазір жүк көліктері бар адамдар бізге хабарласып, ақысыз негізде гуманитарлық жүкті тасымалдап жатыр», - деді қалалық волонтерлер штабы төрағасының орынбасары Эльвира Есмұқанова.

 

Оның айтуынша, жүк көліктері тиелген заттар Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы штабтарға жеткізіліп жатыр.

 

«Біз нақты бір өңірде кімдер жүкті қабылдауға және оны тұрғындарға таратуға жауапты екенін білеміз. Олар қай елді мекенге нақты қандай құралдар, ыдыстар, киімдер керек екенін бізге алдын ала ескертеді. Біз өз кезегімізде жетіспей жатқан кейбір заттарды меценаттардың көмегімен алып жатырмыз. 31 наурыздағы жағдай бойынша елордадағы әлеуеметтік қоймалар арқылы 25 тонна жөнелттік», - деді волонтер. Қала тұрғындары көбіне қалың киім мен азық-түлікті қоймаларға жеткізіп беріп жатыр.

 

«Бірінші кезекте тез бүліне қоймайтын азық-түлік керек. Телефондар мен өзге де құрылғыларды қуаттайтын power bank, жылытатын құрылғылар, шәйнек сияқты заттарға сұраныс бар. Бірнеше күннен бері Қостанай және Ақмола облыстарына жүкті жөнелттік. Алдағы күндері Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына үлкен жүк көліктерін жіберуді жоспарлап отырмыз», - деді Эльвира Есмұқанова.