Түрлі диагноздан жалықтым!

520
көрілім

2017 жылдың 19 қарашасы күні қызымның дене қызуы көтеріліп, 20 қараша күні Евромедтегі дәрігер қабылдауына кіруге мүмкіндік болмағаны себепті Ана мен бала орталығына апаруға мәжбүр болдым. Ол жердегі дәрігер балаға Пневмония болуы мүмкін екенін айтып, өкпесін рентгенге түсіруге жіберіп, оның қорытындысын күтпестен науқасқа «Цефамед» антибиотигін жазып берді. Кейін рентген түсірілімі бойынша оның өкпесінің таза екендігі анықталып, қызыма негізінде Аденоид диагнозы қойылғанын, сол диагноз бойынша ем-шара жазып беруін сұрадым. Алайда менің айтқаныма мән бермеген педиатр-дәрігер баланың дене қызуын өлшеу, кеудесін тыңдау сияқты тиісті шаралар қолданбастан, О. Гайморит, бронхит диагноздарын қойып, Ана мен бала орталығындағы лор бөлімшесіне жатып ем алуға жібереді. Бірақ аталған диагнозға сенбей, дәл сол күні (22 қараша күні) қызымды Евромед емханасына апардым. Ол жердегі дәрігер дене қызуын өлшеп, 39,5 болып тұрғанын анықтап, науқас баланы қайта тексеріп, Аденоид диагнозы бойынша емшаралар жазып берді. Дәрігерлердің әртүрлі диагноз қоюынан, олардың науқастарға немқұрайлы қарауынан қажып кеттім. Менің білгім келетіні, дәрігерлердің жұмысына, яғни қызмет көрсету мәдениетіне құзырлы органдар тиісті бақылау жасай ала ма?

Өскемен қаласынан тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова жауап берді:

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі №193-IV «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 95-бабына сәйкес, медициналық көмекке жүгіну фактісі, азамат денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны зерттеп-қарау және емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер дәрігерлік құпияны құрайды. Аталмыш кодекстің талаптарын бұзу еліміздің заңнамаларына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Дұрыс диагноз қоймау мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің ШҚО бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне Өскемен қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 17 мекенжайы немесе 8 (7232) 767-549 телефон нөмірі бойынша хабарласуды ұсынамыз. Денсаулық сақтау саласында медициналық көрсетілетін қызметтер сапасына сараптама жүргізу құқығы аталмыш департаменттің құзыретіне жатады.

Сізге медициналық көмек сапасыз түрде жасалса, медициналық қызметкер жағынан дөрекілік көрсетілсе, Ана мен бала орталығы ШЖҚ КМК пациенттерге қолдау көрсету қызметі мен ішкі аудит қызметіне (8 (7232) 603-062) қоңырау шалып немесе http://cmr.kz сайтына кіріп хабарласуларыңызға болады. Сонымен қатар Өскемен қаласының жедел медициналық жәрдем станциясы КМҚК пациенттерге қолдау көрсету қызметіне тәулік бойы – 8 (7232) 520-917 сенім телефонына немесе жұмыс уақытында сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін – 8 (7232) 784-195, 784-558 телефондарына хабарласуыңызға, не болмаса ssnmp_uka@inbox.ru электронды мекен-жайына жазуыңызға болады. Сондай-ақ, оның Өскемен қаласы, Ворошилов көшесі, 149 мекен-жайына келіп №2, 9, 21 кабинеттеріне сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін және тәулік бойы демалыссыз ауысымның аға дәрігері қабылдауына кіре аласыз.