Зауыт қызметкерлері тарихи ескерткіш маңына тазалық жүргізді – Өскемен

162
көрілім

«Таза Қазақстан» экологиялық республикалық акциясы аясында «ҮМЗ» акционерлік қоғамының қызметкерлері Владимир Потанин ескерткішінің айналасына тазалық жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараны қолдаушылар қыстан бері жиналған қоқыстарды жинап, ескерткіштің бүлінген жерлерін қалпына келтірді. Айталық, ол жерде тұғырдағы тақталар мен ескерткішке апаратын жолдардың кетеуі кете бастаған.

– Үлбі металлургия зауыты әрқашан әлеуметтік және экологиялық бастамаларды қолдауға ұмтылады. «Таза Қазақстан» акциясы осындай бастамалардың бірі. Соның аясында бүгін, 18 сәуірде, тұжырымдамаға сәйкес, ескерткіш айналасын тазартпақпыз. Бояуы кеткен тұстарын сырлап, тақталарды ауыстырып, басқа да жұмыстарды жүргіземіз. Бұған барлығы он беске жуық адам атсалыспақ, – деді «ҮМЗ» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Алексей Проскуряков.

Айта кетейік, өткен аптада «ҮМЗ» қызметкерлері экоакция аясында ауданы 140 гектардан асатын зауыттың аумағын тазартты. Сондай-ақ, олар зауыт периметрі бойынша қалалық аумақты абаттандырды. Бұл шамамен жеті шақырымды құрайды, әр бөлім өз учаскелерінде тәртіп пен тазалық орнатуда.

Келесі аптада зауыт ұжымы бұрын отырғызылған өсімдіктерге күтім жасауды жоспарлап отыр.