Зайсан ауданы, Көгедай ауылындағы даулы үй кімге тиесілі?

1404
көрілім

Газет редакциясына Зайсан ауданының, Көгедай ауылынан хабарласқан Айнұр Сазанбаева есімді тұрғын өзіне тиесілі үйдің екі бөлмесіне «Зайсан аудандық ауруханасы» КММ-ге қарасты күндізгі емдеу бөлімі орналастырылғанын айтты. 2008 жылдың наурыз айында Айнұрдың анасы Бақтыбала мен Көгедай фельдшерлік пункті қарайтын Сартерек ауылының дәрігерлік амбулаториясының өкілі Дариға Тұранбаева (аты-жөні өзгертілген) үйді сатып алу туралы шарт жасасқан. Үйдің екі бөлмесін күндізгі емдеу бөлімі ретінде жабдықтау туралы екеуінің арасында 500 мың теңгеге шарт жасалғанымен, Бақтыбала Сазанбаеваға аталған сома берілмепті. Мұны сот кезінде Дариға Тұранбаеваның өзі де растады (сот материалдарында көрсетілген). Бес баласы бар жесір ана Бақтыбала Сазанбаева 2016 жылдың мамыр айында дүниеден өтіп кетті. Артында бес баласы қалды. Айнұр сотқа жүгінгенімен, аудандық соттың шешімімен кезіндегі келісім-шартты бұзу туралы талап арыз қанағаттандырылмады. Айнұрдың айтуынша, қолдарында үйдің өздеріне тиесілі екенін растайтын мемлекеттік құжат болса да (госакт) қалған екі бөлме (техникалық құжат та аурухана қызметкерлерінде) аудандық аурухананың балансында тұр. Сайт тілшісі осы мәселенің анық-қанығын анықтап көрді.

«Келісім-шарт жасалса да, ақша аударылмаған»

Марқұм анамыз 5 баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді, – дейді Айнұр Сазанбаева. – Жалғызбасты ана болса да жағдайымызды жасап, аяққа нық тұруымыз үшін қолынан келгенін аянбады. 2006 жылы тұратын тұрғылықты жеріміз болмай күнелтіп жүрген кезде қазіргі Дайыр ауылдық округінің әкімі Болатбек Балғабаевтың арқасында Көгедай ауылындағы жер сілкінісінен кейін бос тұрған 4 бөлмелі үйге қоныс тіредік. 2007 жылдың 23 мамырында анамыз жылжымайтын мүлікті жария етуді өткізу комиссиясы арқылы сол жеке тұрғын үй мен жер аумағын өз атына толықтай аударып алады.

Марқұм анасы Бақтыбала Сазанбаева

Дәл сол жылы Көгедай фельдшерлік пункті аты аталған ауылдың орта мектебінде орналасқан екен, алайда тексеру жүргізген СЭС фельдшерлік пунктің мектеп қабырғасында тұруы талапқа сай емес деген шешім шығарған. Осыған байланысты мектеп директоры, депутат Еркін Базаров Көгедай фельдшерлік пункттің Бақтыбала Сазанбаева бес баласымен бірге тұрып жатқан үйдің 2 бөлмесіне орналасуына жағдай жасапты.

Төрт бөлмелі үйдің екі бөлмесінде біз тұрсақ, екі бөлмесінде фельдшерлік пункт жұмыс істеді, – дейді Айнұр Сазанбаева. – 2016 жылдың мамыр айында анамыз ауырып қайтыс болды. Артында 5 баласы қалдық. Осы үйдің төлқұжатын алу үшін қажетті анықтамаларды жинап жүрген кезде анамыздың 2008 жылдың 3 наурызында Көгедай фельдшерлік пункті қарайтын Сартерек ауылының дәрігерлік амбулаториясының өкілі Дариға Тұранбаевамен келісім-шарт жасасып, осы үйді 500 мың теңгеге сатып жібергендігін білдік, алайда анама ол сома берілмепті. Оны Дариға Тұранбаева да растап отыр. Осы мәселеге орай Зайсан аудандық сотына жүгінуге мәжбүр болдым. Талап арызда үйді сатып алу-сату келісім шартының бұзылуын сұрадым.

Соттың шешімі қандай?

Айнұр Сазанбаеваның арызынан кейін Зайсан аудандық соты бұл мәселені жан-жақты талқыға салып, қос тараптың сөзін тыңдады. Сотқа Бақтыбала Сазанбаева мен Дариға Тұранбаеваның арасындағы келісім-шартты бекіткен жеке нотариус та шақырылды. Ол сот барысында бұл келісім шарттың бұзылуы дұрыс болатындығын, себебі Көгедай фельдшерлік пункті қарайтын Сартерек ауылының дәрігерлік амбулаториясының өкілі «500 мың теңге бердім» деп өзін шатастырғандығын алға тартты. Ал сот кезінде Дариға Тұранбаева:

Көгедай фельдшерлік пункті мектеп қабырғасынан бұл үйге көшіп келгенде жеке тұрғын үйдің құжаты болмады, яғни ол ешқайда рәсімделмеген еді. 2007 жылдың көктемінде Сартерек ауылдық округінің әкімі Ғалия Серікбаева тұрғын алаңы 18.90 шармы метр, жалпы алаңы 90.70 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй мен жер телімін Бақтыбала Сазанбаеваның атына тіркеуден өткізген. Бұдан кейін маған 2007 жылдың желтоқсан айында фельдшерлік пунктті Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасынан жекешелендіріп рәсімдеуге нұсқау берілді. Осы нұсқауға орай, пайдаланып отырған екі бөлменің құжаттарын рәсімдемекші болғанымда, жылжымайтын мүлік орталығы мен аудандық СЭС «ғимараттың аудан көлемі талапқа сай келмейді» деп рұқсат бермеді. Осыдан соң, сол тұрғын үйдің бір бөлігінде тұрып жатқан Бақтыбала Сазанбаеваның өз еркімен сатып алу-сату шартын жасастым, бірақ ешқандай ақша төленген жоқ, – деп жауап берді.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен 2008 жылдың 14 сәуірінен 14 мамырға дейін Алматы қаласында оқуда болған ол Шығыс Қазақстанға келген кезде сырқаттанып қалып, ота жасатқандығын алға тартып отыр.

Бақтыбала Сазанбаеваның тұрғын үйі жайлы ешқандай сөз болмағаннан кейін ұмытылып қалды, – дейді Дариға Тұранбаева. – Ал оның 8 жыл бойы тұрғын үйді сатып алу-сату шартында көрсетілген 500 000 теңгені іздемегені маған еш түсініксіз. Оның ақша алмағандығын осы сот отырысы басталғанда ғана білдім, себебі қазіргі уақытта тұрғын үй «Зайсан аудандық ауруханасы» КММ есебінде болғандықтан, 500 мың теңге мөлшеріндегі ақша облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан аударылуы қажет болған.

Істі қараған Зайсан аудандық соты Айнұр Сазанбаеваның сатып алу-сату келісім шартын бұзу туралы талабын қанағаттандырмады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 401-бабында көрсетілгендей, шарт тараптардың біреуінің талабы бойынша өзгертілуі және бұзылуы мүмкін. Ал екінші тарап Бақтыбала Сазанбаеваның 2016 жылы қайтыс болуына орай, бұл келісім шартты бұзу мүмкін емес, – делінген сот шешімінде.

«Басында басқаша сөйледі!»

Марқұм Бақтыбала Сазанбаева сол даулы үйге көшіп келмес бұрын туған ағасы Құмарбек Омаштаевтың үйінде тұрған екен. Бұл үйге қоныс тіреген кезде де оның ағасы қасында жүріпті. Осы ретте, мәселенің анық-қанығын анықтау үшін Құмарбек Омаштаевпен де сөйлесіп көрдік.

Қарындасым 5 баласымен қоныс тепкен тұрғын үйде кезінде бір ақсақал тұрған болатын, – дейді ол.– Әуел басында Бақтыбалаға екі бөлме жетіп тұрғаннан кейін оның екі бөлмесін жергілікті билік өкілдері мектеп кітапханасы етпек болды, алайда «оқушылар екі жақта жүргендері дұрыс болмас» деп ол ойларын жүзеге асырған жоқ. Артынан үйдің екі бөлмесіне фельдшерлік пункт орналасты. Араға біраз уақыт салып сол кездегі Сартерек ауылдық округінің әкімі Ғалия Серікбаева тұрғын үйдің мемлекеттік құжатын (госакт) қарындасымның атына аударды, алайда фельдшерлік пункт жарыққа, отынға ақша бермегеннен кейін, «шығынды біз төлемейік» деген ниетпен Бақтыбала Көгедай фельдшерлік пункті қарайтын Сартерек ауылының дәрігерлік амбулаториясының өкілі Дариға Тұранбаевамен келісім-шарт жасасты.

Оның айтуынша, Дариға Тұранбаева Зайсан аудандық сотында ең бірінші 500 мың теңгені беріп қойғандығын айтыпты. Осыған орай, сот марқұмның атына аударылуы мүмкін деген барлық банк карточкаларын тексерген, алайда ақша берілмегендігі дәлелденгеннен кейін Дариға Тұрғанбаева өз сөзін бірден өзгерткен көрінеді.

Осылайша ол сот кезінде екі сөйледі. Тағы бір айта кететіні, 2016 жылы қарындасым қайтыс болғаннан кейін, бірнеше айдан соң, яғни күз кезінде сол үйге Зайсан аудандық ауруханасының бас дәрігері келді. Ол 5 балаға түйеден түскендей кесек үнмен «Бұл үйді босатыңдар! Төрт бөлме де фельдшерлік пунктке тиесілі» деп топ еткізді. Дегенмен олар үйден шыққан жоқ. Әлі де сол жерде тұрып жатыр, – дейді Құмарбек Омаштаев.

Сартерек ауылдық округінің бұрынғы әкімі Ғалия Серікбаеваның да бұл мәселеге қатысты пікірін білуді жөн көрдік. Оның айтуынша, бұл үйдің дауы баяғыда шешілетін еді, бірақ…

Бақтыбала Сазанбаева маған келіп «екі жақ та далада қалмасын. Екі бөлмені фельдшерлік пункттің атына аударайық» деп ұсыныс жасады. Мен бірден келісім берген соң, екеуіміз бұл ойды іске асыру үшін жылжымайтын мүлікті заңдастыру орталығына бармақшы болдық, бірақ біз кешігіп қалыппыз. Тиісті мекемеге бас сұққанымызда, ол жерге Дариға Тұранбаеваның келіп «Бұл үйдің төрт бөлмесі де фельдшерлік пункттікі болуы керек» деп байбалам салып кеткендігін естідік. Осының кесірінен сол мекемедегі қызметкерлер үйді екі жаққа бөліп беруден бас тартты. Әйтпесе бұл шешіліп тұрған мәселе болатын, – дейді Ғалия Серікбаева.

Күрес жалғасуда

Зайсан аудандық сотының шығарған шешімімен келіспеген Айнұр Сазанбаева апелляциялық тәртіппен шағым түсірді. Істі қайта қараған апелляциялық сот бұл үкімді еш өзгеріссіз қалдырған. Десе де Бақтыбала Сазанбаеваның бала-шағасы алған беттен тайсалмақ емес.

Қазіргі уақытта қолымызда үйдің және оның жер уческесінің өзімізге тиесілі екенін растайтын мемлекеттік құжат бар. Ал үйдің екі бөлмесі аудандық аурухананың балансында тұр. Сондай-ақ, техникалық құжат та аурухана қызметкерлерінің есебінде. Сонда бұл қалай болғаны? Заң бойынша үй кімдікі болу керек? Сот барысында осы жайттар жіті зерттеліп қаралмады деп есептеймін. Күресуден еш уақытта шаршамаймыз. Не үйді, ол болмаса 500 мың теңгені қайтару керек қой. Ендігі басар тауымыз облыстық Прокуратура болмақ.

Оқиғаның ары қарайғы желісі газет тілшілерінің назарында болады.