Зайсаннан шыққан шахмат ханшайымы

695
көрілім

Осыған дейін өңірімізде шахмат спортынан құрлықтық чемпионатта жүлде алған жан болған емес. Азия чемпионаты дейміз, тіпті республикалық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп, Шығыс өңірінің намысын абыроймен қорғайтын шахматшының аты шықпай жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Ал соңғы уақыттары Зайсан ауданы, Айнабұлақ ауылының тумасы Алмагүл Чакееваның жеткен жетістіктері жерлестерін сүйсіндірмей қоймайды. Тәжірибелі деген спортшылардың алдын орап, айрықша дарындылығымен даралана білген бұрымдының алдына қойған мақсаты да биік.

Еленбей қалған талант

Кейіпкеріміз Зайсан ауданындағы мектеп-интернатта оқып жүргенде-ақ өзінің қарым-қабілетін көпшілікке байқатып үлгерген. Тіпті аудан көлемінде бірінші орынды бермей келген ешкімге. Ой жүйріктігін дамытатын спорт түріне нағашы ағасы баулыған. Мектеп-интернатты тәмәмдап, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетіне түскен. Ол жерде дене шынықтыру пәні өз ішінде бірнеше түрге бөлінеді екен. Нақтырақ айтсақ, бокс, жеңіл атлетика, шахмат бойынша студенттер өз тапсырмаларын орындайды. Жерлесіміз көп ойланбай оң жамбасына келетін «шахматқа барамын» деп қол көтерген екен.

– Сонда шахматқа барып едім, «спорттық разрядыңыз бар ма?» деп сұрады. «Жоқ» дегенімде «онда ойнай алмайсыз» деп бірден кесіп айтты. Мұндайды күтпедім. Көңілім алабұртып, ойнатпағандарына салым суға кеткендей болды. Университетте оқып жүргенімде шахматтан біршама алшақтап кеттім. Бір жағынан күрмеуі қиын есептер де ол жаққа назар аударуға мұрша бермеді. Содан 2003 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында сабақ беріп жүргенімде мұғалімдер арасындағы сайыста жеті турдан жеті ұпай олжалап, топ жардым, – дейді шахматшы алғашқы жетістігіне бір үңіліп.

Үлкен спортқа деген даңғыл жол осылай ашылыпты. Жоғарыда аталған жарыстан кейін дене тәрбиесі пәнінің ұстазы деңгейі жоғары ойыншылармен ой додасына түсіп көруге кеңес береді. Бір-екеуімен ойнап көріп, оларды бір демде қапыда қалдыра білді. Сөйтсе бұлар аймақ көлемінде айдарынан жел ескен чемпиондар екен. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, әу баста аңсары ауған спортқа кекіл түйіп, тереңірек меңгеруге деген құлшыныс та арта түсті. Жоғары оқу орнында жүріп едәуір алшақтап кетсе де, шахматты бір сәт жадынан шығармаған шығысқазақстандық бойжеткен 2007 жылдан бастап әйелдер арасында қарсылас шақ келтірмей, облыс чемпионы атанып келді. Ал оған дейін 2006 жылы 1 разряд спорттық атағын, араға екі жыл салып спорт шеберлігіне үміткер атағын орындаған көрінеді. Осыдан кейін аймақ құрамасына алынып, республикалық додаларға жүйелі түрде қатысып жүрді. Таланты бір басына жететін табанды жанға Болат Жаркенбаев есімді тәжірибелі шахматшының берген бағдары оң болған екен. Шымылдықашар ойындарды қалай бастау керек, ойыншы өзін қалай ұстауы қажет сынды маңызды тұстарын егжей-тегжейімен түсіндіріп отырған.

Жат жерде бұйырған жүлде

Уақыт өте келе зайсандық спортшы бабына ене түскен. Оған 2018 жылы Өскеменде өткен облыс чемпионатында баршасынан бәсі жоғары болып, бас бәйгені олжалалауы дәлел. Шахмат спортында бәсеке жас ерекшелігіне қарай өрбитінін ескерсек, жерлесіміз 50 жастан асқандар, яғни сеньориталар арасында сынға түскен. Жарқын жеңісінен соң ел чемпионатына жолдама алып, Түркістан қаласына жол тартты. Ол жерде де ойын барысы өз ойлағанындай болып, қоржынын күміс медальмен толықтырды. Бұл ғана емес!.. Түркістан топырағындағы тартыста топ жарғаны Әлем чемпионатына, екінші орын иеленгені арқылы Азия чемпионатына жолдама алды. Сөйтіп жерлесіміз Филиппин елінің Тагайтай шаһарында кіл мықтылармен шеберлік байқасатын болды. Алғашқы ірі додаға барлау мақсатымен аттанған кейіпкеріміз шахматтың рапид, блиц және классикалық түрінен бақ сынады. Қуанышты хабар қарашаның алтысы күні жетті. Айнабұлақ ауылының тумасы рапид сынында Азия чемпионы атанды! Маңыздысы сол, жарыс фавориті саналған Жаңа Зеландия және филиппиндік ойыншыларды жолынан ығыстырып, өз ойын өрнегін таба білген. Жеңісті жол жалғаса түсті. Құрлықтың тоғыз елінен келген таңдаулы қатысушылар арасында блиц және классикалық шахматтан күміс жүлдені қанжығалады. Бұл дегеніңіз – бұрын-соңды болмаған нәтиже!

– Жүлде аламын деген ой болмады, – дейді Алмагүл апай ауқымды аламанды еске алып. – Рапидтен алтын медаль алмай тұрғанда көбі мені елемей, жай бір қатысушы ретінде қарады. Бірінші орын алған күннің ертеңінде жиналғандар жылы қабақ танытып, сәлемдесіп жатты. Жергілікті халық филиппин және ағылшын тілінде сөйлейді екен. Өскеменде информатика пәнінен сабақ беріп жүргенімде ағылшын тілін үйренгенім әжептәуір сеп болды. Сондағы шахматшылармен тіл қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдым.

Ел құрамасы Тагайтай төрінен бес жүлдемен қайтты. Үшеуі жерлесіміздің еншісінде. Айды аспанға шығарған шахматшыға еліктеп, ізін басамын деген бүлдіршіндердің саны да қаптай түсті. Арада аз уақыт өтіп Олег Ринас есімді ардагер ойыншы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алу үшін куәлік жасатуға кеңес берген. Сәуір айында аталған куәлікті қолына алған кейіпкеріміз қазір шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Маңыздысы сол, Алмагүл Чакеева мұндай деңгейге жеткен өңіріміздегі тұңғыш жан! Айтуынша, шеберлігін шыңдауға ұдайы ер адамдармен ойнауы себепкер болған. Қазір Азия чемпионының рейтингілік ұпайы 1690.

Жас шахматшыларға берері мол оқулық

Құрлықты мойындатып келген спортшының тың бастамалары жетерлік. Өмір ағысы студент кезіндегі келеңсіз сәттен соң жастарға берері мол әдістемелік құрал жазуды нәсіп еткен екен. Жыл басталғалы «Жас шахматшылардың типтік қателіктері» атты практикалық маңызы зор оқулық өмірге келді. Республика көлемінде тұңғыш рет шыққан мазмұны терең кітап. Оны жазарда бірқатар шахмат майталмандарының атсалысқанын айта кеткен орынды. Нақтысын айтсақ, жерлесіміз Түркістан өңірінің бапкері Қуаныш Жұмадұллаев пен тәжірибелі ойыншы Әлімжан Намазбаевпен тізе қосып жазған-ды. Азия чемпионының айтуынша, әдістемелік құрал жас шахматшыларға арналған. Бір айта кетерлігі, оны жете меңгерген оқушы он турнирге қатысқандай мол тәжірибе жинақтайды. Шыққан уақыттан бастап еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартқан. Әуел баста мың данамен таралған екен.

– Оқулықты жазғанға бір жылдай уақыт кетті. Оның ішінде шамамен 210 қателік бар. Сонша қателік жіберуі үшін оқушы талай турнирге қатысады. Бір жарыста тоғыз партия ойнаса, ары кетсе төрт қате жіберуі ықтимал. Тәжірибелі жандардың пікірі жас шахматшыларға таптырмас кеңес десек болады, – дейді оқулықтың маңызына тоқталып.

Шахмат үйі салынады

Едәуір қарқын алып үлгерген дарынды шахматшының тың бастамалары мол деп айттық жоғарыда. Бәлкім өзектісіне енді келген шығармыз?! Неге десеңіздер, алдағы уақытта өңірде Шахмат үйі салынбақ. Бұл бастаманы аймақ басшысы Даниал Ахметов те бірден қолдаған екен. Мамыр айында аймақ басшысының қабылдауында болған жерлесіміз шахматтан ауқымды сайыстар өткізуге тиісті орындар болмай тұрғанын жеткізген.

– Соңғы кездері түрлі турнирлер ұйымдастырылып, облыстың әр түкпірінен келген спортшыларды екі ауысымға бөліп өткізіп келеміз, – дейді спортшы. Сайып келгенде облыстық, республикалық аламандарға жиі қатысып тұрса, тәжірибе де жиналар еді. Бұл ретте ата-аналар да балаларының ысылып, деңгейі өскендігін қалайды. Мәселен, Павлодар қаласында Шахмат үйі және дәл сондай аялдама бар.

Қызығы сол, ол нысанды Даниал Ахметовтың өзі салдырған екен бір кездері. Ал құрылыс жағына келсек, өңір басшысы Шахмат үйін салу мәселесін мықтап назарға алғандай. Жуырда ғана Нұр-Сұлтан шаһарында өткен Балалар кубогінің IV кезеңінде құрлық чемпионы келер жылы аталмыш жарысты Шығыс жерінде өткізуге ұсыныс айтқан. Ол ұсыныс қанағаттандырылуы үшін жоғарыда аталғандай ғимарат, теннис үстелі, спорт құралдары, компьютер, халықаралық деңгейдегі додаларда қолданылатын электронды сағаттар сақадай сай болуы қажет. Әзірге шығысқазақстандық жеткіншектер ескі сағаттармен шеберліктерін шыңдауда. Осыдан соң тиісті жобалық смета құжаттарды реттеп, жауапты тұлғалардың қатысуымен өткен жиында қолдау тапқан екен. Өтініші ескерусіз қала ма деген күмәннің болғаны да рас. Дегенмен облыс әкімі өзінің инстаграм желісінде жас шахматшылар тасада қалмауы үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ететіндігін жазған болатын. Азия чемпионының елең-алаң көңіл орнына түскен. Одан бөлек, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да немқұрайлылық танытпайтындығын алға тартқан.

Расымен де, қалалық деңгейдегі турнирлер ұйымдастырғанның өзінде 100-ге тарта қатысушы бас қосады. Ал облыс деңгейінде қолға алынса, тіптен ине шаншар орын болмай кетеді. Бауыр еті баласымен бірге ата-аналары да келетінін ескерсек, жиналған жұртты сыйдыра алатын бір «Шахмат үйі» қажет-ақ.

Шәкірт баптауға барын салмақ

Мажарстанның маңдайына біткен Юдит Полгар есімді гроссмейстерді бағдар еткен жерлесіміз алдына тау мақсаттар қойған. Соның бірі – республикалық додаларда жүлде алып, атой салатын ізбасарлар дайындау. Айтуынша, шәкірт баптаудың жүгі ауыр. Алдымен ұстаздың өзі де ұдайы бабында болғаны ләзім. Бұл орайда Алмагүл Манапқызының айтулы аламандарда атой салуына отбасының үлесі де ерек. Анасының асығы әркез алшысынан түссін дейтін екі ұлы мен өмірлік серігі Сәбиттің тілеулестігі шахматшыны шыңдарға шығарып келеді. Тәжірибелі ойыншы жүзумен айналысып, негізгі қаруы саналатын миды тынықтырып тұрғанды құп көреді. Одан қалса талай жылдан бері жеңіл атлетикамен айналысқан. Ал алғыр шәкірттерін жіпке тізіп айта бастағанда алдымен алты жастағы Арсен Оралханды тілге тиек етті. Жастығына қарамай өзінен ересек шахматшылардың тегеурініне тойтарыс беріп келеді. Қалалық чемпионатта екі мәрте топ жарып үлгерген-ді. Сәтін салса, Павлодар мен Талғар қаласында өтетін Балалар кубогінде томағасын сыпырмақ. Саян Заманбек пен Әділжан Садыбеков есімді ойыншылар да ел құрамасы сапына өтуге жақын. Ал тағы бірі – әр ойыншының арманына айналған гроссмейстерлік ұпай жинау. Ол үшін халықаралық додаларға жиі шығып, тісқаққан шахматшылармен шеберлік байқасу шарт. Жоғарыда аталғандай басшылық тарапы мұны қолдаусыз қалдырмақ емес. Үш ай болды, жерлесіміз шахматтан облыстың бас бапкері міндетін атқаруда. Қазірде зайсандық Азия чемпионын шахмат ханшайымы деп атап кеткен.

Әділхан ЕСІМХАНОВ