Жармалық палуан Азия чемпионатында жүлдегер атанды

730
көрілім

Жарма ауданының тумасы Бекзат Сыбанбай Қытайлық Тайпейде өткен күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Еркін күрестен біраз белесті бағындырып үлгерген Бекзат алдымен Тайланд елінің өкілі Джрафап Сринакты 12:1 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Келесі белдесуінде иорданиялық Ортс Шамаил Исаковтан 14:7 есебімен басым түсті. Дәл осы ретте үндістандық Вишал Вишал мен Күншығыс елінің өкілі Матсуо Наояның қарқыны біршама қатты көрінді. Сөйтіп, жартылай финалда жерлесіміздің жолы сол жапон спортшысы Наоямен түйісті. Амал нешік, Бекзат белдесу тізгінін беріп қойып, белдесу қарсылас пайдасына шешілді. Дегенмен, жармалық спортшы кіші финалда иорданиялық спортшыдан айласын асырып, Тайчунк шаһарында қоржынын қола медальмен толықтырды.

Естеріңізге сала кетейік, Бекзат осының алдында Шоқан Нәдірбековты еске алуға арналған республикалық жарыста топ жарып, аталмыш сынға жолдама алған болатын.

Әділхан ЕСІМХАНОВ