ШҚО-да кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыс өршіп тұр

429
көрілім
Шартты фотосурет

Бұл туралы Өскемендегі ШҚО №1 кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Анна Жумагулова мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жауапты тұлғаның айтуынша, биыл өткен жылмен салыстырғанда кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысы екі есе артқан. Ал жалпысында, қарастырылған барлық санаттағы істер бойынша құқықбұзушылықтың азайғандығы байқалды. Айталық, бозбала мен бойжеткендерге көрсетілген қысым бойынша ата-ана құқығынан айыру, алимент төлеу, кәмелеттік жасқа толмағандардың тұрғылықты мекенжайын анықтап, арнайы мектептерге жіберу және тағы басқалары.

– Осындай 18 санатты алып қарасақ, 2019 жылмен салыстырғанда 101 азаматтық іс аз қаралды. Ал қылмыстық істер бойынша керісінше, екі есе өсім байқалады. Былтыр 41 іс қаралса, биыл аталған көрсеткіш 94-ке жетіп отыр. Мұның басты себептерінің бірі – 188-баптың 3-тармағы бойынша, яғни жасөспірімдердің ұрлығы. Осы санаттағы қылмыстың өршуін карантин кезінде қашықтан оқумен байланыстыруға болады. Сабақ оқуға берілген уақытта көпшілігі далада жүріп, заңға қайшы әрекеттерге барған. Көбінесе велосипед ұрлайды, саяжайларға түсіп, қожайыны жоқ болса бірден жымқыруға кіріседі, – дейді Анна Жумагулова.

Сот төрайымы ұрлықтан бөлек, ата-ананың қарауынсыз қалған жасөсіпірімдердің өрт қоюға дейін барғандықтарын жеткізді. Сондай оқиғалардың бірі Глубокое ауданындағы Черемшан ауылында болған. Мамыр айында ащы суға сылқия тойып алған олар бірнеше үйге өрт қойған.

– Соның ішінде, үш үй көп уақыттан бері қараусыз қалса керек. Ал тағы біреуінде жасөспірімдердің әрекетінен бір отбасы баспанасынан айырылды. Абырой болғанда өртеніп жатқан үй ішінде ешкім болмаған, – деді жауапты тұлға.