Акция жалғасуда

712
көрілім

Қасым Қайсенов кентіндегі Райымжан Мәрсеков орта мектебінде 17 тамыз күні «Менің таңдауым—балаларға көмек» ұранымен «Мектепке жол» акциясы өтті, деп хабарлайды газет тілшісі Ұлан ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мерекеге аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, акцияның мақсат-міндетін түсіндіріп, демеушілерге алғысын білдірді. Акцияға ауданымыздың орталығында орналасқан барлық мекемелер мен жеке кәсіпкерлер, Райымжан Мәрсеков мектебінің мұғалімдер ұжымы атсалысты. Акция барысында кентімізде оқып, білім алып жатқан аз қамтылған, жетім, көпбалалы отбасынан шыққан 25 оқушыға көмек берілді. Оқушы балалар мектепке қажетті оқу-құралдармен, киім-кешек және спорт киімдерімен қамтылды. Бұл күні аудандық музыка мектебінің оқушылары ән-би орындап, күй күмбірлетіп шараның мазмұнын аша түсті. Акция соңында ата-аналар өз ризашылықтарын білдірді", - деп хабарлайды аудан әкімдігі.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін еліміздің Білім және ғылым министрлігі 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында елімізде «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясын өткізетіні туралы жазған едік. Министрлік еліміздің жаны жомарт азаматтарын, кәсіпкерлерді, меценаттарды акцияға қатысып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға, отбасыларға көмек көрсетуге қолұшын беруге шақырды.

Қоса кетсек, акцияға үн қосуға ниет еткендер жергілікті білім бөлімдеріне хабарласуларына болады.

Айсұлтан АЗАМАТ