Алакөлдің арбаты қирады

297
көрілім

Әлеуметтік желілерде Үрдар ауданында орналасқан Алакөл демалыс базасындағы қираған арбаттың видеосы жұрттың қызу талқысына түскен еді. Аудан әкімінің орынбасары Дидар Хамитовтың айтуынша, бұған қатты дауыл себеп болған.

Алакөлдің мүшкіл хәлі түсірілген видео әлеуметтік желілерге лезде тарап кетті. Сол видеода жағаға жақын орналасқан туристік-мәдени нысандардың бүлінгені айқын көрінеді. Жазғы демалыс орнының осындай жағдайына қатысты Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов жауап берді.

– Жуықта жылдамдығы секундына 25-26 метрге жеткен қатты дауыл соққан еді, – дейді ол, – Әрине, дауыл тұрғандықтан су деңгейі көтеріліп, арбаттың маңайына шайылып кеткен. Қазір ол жерде 5-7 сантиметр деңгейінде мұз жатыр. Ешқандай материалдық шығын келтірілген жоқ.

Десе де шенеунік жағалау сызығының бірнеше метрі шайылғанын растады. Оның айтуынша, суға түсу маусымынан кейін коммуналдық мекеменің қызметкерлері табиғаттың тосын мінезінен сақтану үшін жағалауға орнатылған барлық нысандарды алып тастаған. Айта кету керек, Алакөлдің жағалауын бекіту мәселесі бұрыннан бері көтеріліп келеді. Алайда бұл мақсатқа қаражат бөлінбеуде.

Естеріңізге сала кетсек, Алакөл жағасын абаттандыруға 4,5 млрд теңге бөлінген болатын.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ