«Алматы-Өскемен» тасжолының Аягөз қаласындағы бөлігі әлі күнге дейін жөнделмей жатыр

921
көрілім
Аягөздіктерді толғандырған мәселелердің бірі – «Алматы-Өскемен» тасжолының Аягөз қаласын басып өтетін бөлігіндегі жол жөндеу жұмыстары. Жоспар бойынша бұл бағыттағы жол 2016 жылы аяқталуы керек еді. Алайда құрылысы аяқталмаған жолдың бойындағы қоқыс үйіндісі, майысқан жарық шамы мен жұмысын тоқтатқан жанар-жағармай құю станциялары қаланың көркін бұзып-ақ тұр. Аягөз ауданының орталығына барған Buqara.kz сайтының тілшісі осы жайттарды өз көзімізбен көріп қайтқан болатын.

Басталғалы қашан?..

Жол жөндеу жұмыстарының басталғанына аз уақыт болған жоқ. Орта жылдамдықпен ойланбай өтуге болатын кейбір жолдардағы шұрық тесіктердің кесірінен тасбақадай баяулап өтуге мәжбүрміз. Сол шұңқырлардың жергілікті емес жүргізушілерге «тосынсый» жасайтыны анық. Сұрайын дегенім, жол жөндеу жұмыстарының аяқталар күні қашан? Сол жолға жаяу жүргіншілер жолағы жасала ма? – дейді жергілікті тұрғын.

Расында да,жол шетіндегі қоқыс үйіндісі көзге ұрып тұр. Сондай-ақ, аягөздік тұрғындар жол бойындағы өз жұмысын тоқтатқан жанармай құю станцияларының қала көркін бұзып тұрғандығын айтады.

Биыл аяқталмақ

Аягөз ауданының әкімдігі қала аумағын тиісті эстетикалық қалыпқа келтіру және автокөліктердің тасымалын арттыру мақсатында 2014 жылдан бастап «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы арқылы «ШҚО Аягөз қаласы «Транзит» авто жағармай станциясынан бастап, автожол көпіріне дейінгі Қабанбай батыр көшесін қайта құрылымдау» жобасын іске асыру басталғанын хабарлайды. Мердігер ретінде «ГОРДОРСТРОЙ» ЖШС жұмыс жүргізген. Аудандық әкімдіктің хаарлауынша, келісім-шарт бойынша Қабанбай батыр көшесін қайта жаңғырту жұмыстары 2014 жылы басталып, 2016 жылы аяқтау жоспарланған болатын. Алайда 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында жобаны қаржыландыру 2015 жылғы 19-20 тамыздағы Елбасының төрағалығымен өткен экономикалық саясаттың жүйелік шаралары жөніндегі кеңестерінің №01-7.7 хаттамасына сәйкес тоқтатылған. Аяқталуға керек қаражат екі жылға бөлініп, ендігі кезекте бұл жолды 2017 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Жеке меншікке қол сұға алмаймыз»

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, жол бойындағы жұмысын тоқтатқан жанармай құю станциялары жеке меншік нысан болғаннан кейін мемлекеттік құзырға жатпайды. Ал заң бойынша мемлекет жеке кәсіпкердің жұмысына араласа алмайды.

Ол жанармай құю станциялары жеке меншік болып табылады. Оларды ашу немесе жабу кәсіпкердің өз құқығы. Біз олардың жұмысына кірісе алмаймыз. Тек қана ұсыныс жасай аламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Молдағалиұлы.

Жергілікті билік тұрғындарды мазалаған жол шетіндегі қоқыс үйіндісі қазіргі уақытта алынып тасталғанын хабарлайды.

Аудан елді мекендерінің сәулеттік бейнесін жетілдіру, қолайлы тұрмыстық жағдай жасау және санитарлық ахуалды талапқа сәйкес деңгейде ұстау мақсатында Аягөз ауданы әкімдігінің 2017 жылдың 6 сәуірінде шыққан тазалауды жақсарту мақсатында үш айлық сенбілік өткізу туралы №233 қаулысы шыққан. Сол қаулыға сәйкес, Қабанбай батыр көшесі бойында үнемі қоқыстан тазалау жұмыстары жүргізіліп тұрады, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуреттерді түсірген автор