Арбаға таңылған студент қызға облыс әкімінің гранты тағайындалды

980
көрілім

Жуықта сайтымызда С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс студенті, екі аяғынан жүре алмай, арбаға таңылған Айтолқын Болатқызы туралы мақала жарық көрген болатын, Атаусыз дертке ұшыраса да өмірден түңілмеген қызға аталған университет басшылығы ШҚО әкімінің грантын табыстады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

- Бүгін Айтолқын Болатқызына ШҚО әкімінің гранты берілді. Барлығымыз білетіндей босаған грант орындарына үміткерлер құжаттарын тапсырып студенттер іріктеліп алынады. Соның бірі осы Айтолқын, - дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Сондай-ақ осы уақытқа дейін «Еріктілер жылына» байланысты «Қамқор бол» акциясының негізінде ғылыми кеңестің ұсынысымен «Абай-175» атты степендия шығарылып, Айтолқын Болатқызына берілгенін жазған болатынбыз.

Туғалы бері ата-ананың мейіріміне бөлене алмаған Айтолқын мен әке орнына әке, шеше орнына шеше болып келе жатқан әжесі университет ректоры Мұхтар Төлегенге шексіз алғыстарын айтады.

- Мені өзінің қанатының астына алған ректорға мың да бір рақмет! Ол кісінің үмітін ақтауға тырысамын, - дейді Айтолқын ерекше қуанып.

Әрине, осындай жомарт жандар мен қамқор құрбылар барда Айтолқын ешқашан жалғызсырап қалмақ емес.

- Бүгін мен өте қуаныштымын! Қызым осыдан жарты жыл бұрын «Қатарластарыммен қатар жүріп, оқуымды оқи аламын ба?» - деп өзіне-өзі сұрақ қоятын. Бүгінде сол арманына жетті, - деп көз жасын жасыра алмады Айтолқынның әжесі.

Сонымен қатар университет басшылығы наурыз айында студенттердің ұсынысымен Вена балы жоспарланып отырғанын айтып өтті. Айта кетерлігі, бұл шарадан түскен қаржы толығымен Айтолқынның еміне жұмсалмақ.

Тағдырдың сынына ұшыраған студентке ерекше көңіл бөліп, қолдан келген көмегін аямаған Мұхтар Төлегеннің қайырымдылығы көпке үлгі болары сөзсіз!