Ат баптаудың өзіндік тәсілін қалыптастырған Шайырғазиндер әулеті сәйгүліктерін кезекті аламанға жаратуда

1636
көрілім

Атбегілік өнері арғымақ текті жұртымыздың қанында бар, бойына біте қайнасып кеткен жауапты іс. Қылқұйрықтыны қаншама аламанға қосып, мәреге таяғанда сауырына қамшы басып қалың топтың алдынан ағып өткен шабандоздың жеңісіне шынайы қуанатындар да осы атбегіліктің басы-қасында жүрген жанашыр жандар. Олар шын жүйрікті құлын кезінен баптап, тұлпардың сынына баса мән берген. Бастысы, судың тұнығын таңдап ішетін әрі қазақ жұрты киелі деп санайтын жылқы малын қанжілік қылып шаршатпай, бабын таба білген білікті бапкерлер күн өткен сайын бұл өнерді жаңа қырынан жандандыруға жол іздеуде. Солардың бірі – жүріп өткен жолында 21 автокөлік ұтқан Жанәбіл Шайырғазин. Көкпекті ауданындағы Құлынжон ауылының тумасымен құрған сұқбатымызда шабандоздықтың шыңына шықпаса да ұзаққа шабудың әдіс-тәсілін әржақты меңгерген ұлы Руслан жайлы да айтылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бір күнде төрт көлік ұтқан!

Жанәбіл ағаның атбегілікті қалай бастағаны замандастарына мәлім. Әлқисса, бірден ат жаратудағы айрықша әдіс-тәсілдеріне тоқталуды жөн көрдік. Себебі өз ісінің шебері әр айтқан сөзінде ат баптауға қарапайым жылқышы, я болмаса қатардағы бапкер тарапынан емес, бұралаң жолдардан бұғып қалмай барлығын қамтып барып жұмысқа кірісетін кәсіби маман тұрғысынан қарайтыны байқалды. Кәсіби демей не көрініпті? Атбегіліктің белгілі бір сатысына өте бастаған кезінде автокөліктерді бірінен соң бірін ұтқан. Сенесіздер ме, кезекті аламан бәйге, онымен қатарлас басқа да жарыстар жеңіспен аяқталып, күн еңкейіп бата бергенде үйіне таяған бапкер қақпаның алдында тұрған төрт автокөлікті көреді. Бір күнде осыншама ұтысқа ие болу – атбегілер өмірінде некен-саяқ кездесетін сәт, тіпті, облыс көлемінде бұрын-соңды болмаған нәтиже шығар!.. Мұның бір себебі – қазіргі Құлынжон (бұрынғы Казнаковка) ауылында сонау 1934 жылдан бері дончак тұқымды тұрқы биік аттар көп болып, біртіндеп атты әскер бөліміне де жылқылар жіберілген. Ол кезде асыл тұқымды ат фермасы бар-тұғын. Айтпақшы, кейіпкеріміз қылщылдаған жас күнінде түрлі бәйгелерде оза шауып, өзі де темір тұлпар ұтқан. Жылқышылығы мен атбегілі әкесінен дарыған Жанәбіл аға жас күнінде шабандоз бола жүріп ат жаратуды да ұдайы ойлайтын.

Жай жылқышының қолынан келмейтін іс

«Бапкерлік қайдан шығады?» деген сұрақ жиі қойылады бұл отбасыда. Барлығы бала күнгі атқа мінуден басталады. Мәселен Руслан күні бүгінге дейін ат жалын тартып мінеді. Жас күнінен бері есептесек, 11 көлік ұтыпты. Құр шабандоздықпен шектелген жоқ. Мал дәрігерлікті қатар алып жүр. Онсыз тағы болмайды. Өзі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ды инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір аудан бойынша қылқұйрықтысы барлар Русланға хабарласып, «атым ауырып тұрған сияқты, не істесем болады?» деген сауалдарын жиі қоятын көрінеді. Орда бұзар жастағы жігіт білгенін айтып, барынша көмектесіп бағады. Әмбебаптық деген осы болар... Атбегілігі бар, мал емдеуден хабардар, қала берді, тәжірибелі шабандоз. Тәңірі берген екі ұлдың әкесі. Ал Жанәбіл аға өзінен кейін Русланнан басқа жылқы малының бабын байқай алатын буын қалыптаспай келе жатқандығына қатты қынжылады. Сенсеңіздер, әке жолын жалғаған Руслан талай той-томалақтан шет қалып, ел қатарлы ойын-сауық та құрмаған. Өйткені бәйге-жарыстарда олжа салатын сәйгүліктері күтімді қажетсінеді. Солардан ұзап шығу мұң. Атбегі дейміз ғой. Талай жыл көлемінде қатысқан аламандарда алдына қара салдырмайтындай ат баптау екінің бірінің қолынан келмейтіні хақ. Жанәбіл аға «аттың фанаты болу» деген тіркеске жиі тоқталды. Жылқышы, я болмаса атқұмар азаматтар бір-екі бәйгеде тұлпар баптап жүлде алулары мүмкін, алайда ұзақ жылдар көлемінде тұрақты нәтижені сақтап қала алмайды. Себебі бұл істің өзіндік ғылыми құпия қадамдары бар. Ғылыми деп отырғанымыз, әр тұлпардың арғы тегіне үңілу. Расын айтсақ, шығыс өңірінде ат баптау өнеріне жаңаша қырынан қарайтын атбегілерді кезіктіру қиын. Ресейден сатып алған сәйгүліктер бірінен соң бірі мәре сызығын бірінші болып кесе бермейтіні белгілі. Білікті атбегі «Арғы тегі асыл тұқымды жануар қалайша жүлдеден қағылды?» деген сауалды да өз-өзіне жиі қоятын. Әрі қарай қолға алған жұмысын іштей талқыға салады. Сәйгүліктердің құжаттарын парақтайды. Мұның өзі атбегілікке жылқышы тарапынан емес, кәсіби маман тұрғысынан қарайтындығын аңғартады.

«Қазақы қан қайда?...»

Кейіпкеріміз үнемі ой үстінде жүреді. Қынжылтатын дүниелер де жоқ емес. Өзінің айтуынша, оқта-текте ашуға да ерік береді Осыған дейін талай бәйгеде тұлпарлары оза шапса да, атқа мінуді әдепкі тірлікке айналдыратын қазақтың қарадомалақтарының қара көрсетпей кететіндіктерін ойлағанда ертеңгі өміріне күмәнмен қарайтыны да рас.

– «Тұлпар ерттеп, аттың құлағында ойнау қазақтың қанында бар» деген сөзді жиі құлағымыз шалады. Мейлі, оны айтқан сол кездің ақсақалдары болар. Сонда өскелең ұрпақ қайда? Ұлттық өнеріміз кімдердің арқасында қайта жанданады? Осы күні ас берілмесе бәйге де болмайтын сияқты. Жылқы малының шын жанашырлары жоғалып бара жатқандай. Сонда қазақы қан қайда? – дейді Жанәбіл аға қызына сөйлеп.

Қазір білікті атбегінің жасы елудің сегізін еркін аралаған. Сәйгүліктердің бабын байқап болғаннан кейін бір сәт мектеп маңайын, ауыл ішін шолып қайтады. Болашақ шабандоздарды іздейді. Өкініштісі сол, «бәйгеге шабасың, озып шығасың, сосын саған құлын сыйға тартамын» деген сөздер ұл балалар үшін онша қызық дүние саналмайтын көрінеді. Жанәбіл аға тұлпар баптаудың шынайы фанаттарының ат спорты сахнасында төбе көрсетпей кеткендігіне 23 жыл болғанын айтып, көңілінде кірбің барын жасырмады. Мәселен қазір ұлы Русланның жасы 31-де. Айтуынша, нағыз атсүйер жан деп өзінен 3 жас кіші досын айтады. Одан кейін сол қатарға кейін ұлттық спортқа шындап бет бұрған Руслан қосылды.

Руслан Шайырғазин

Русланды Ресейге де шақырыпты

Әулеттің қанында бар болса Русланның қолғанаты қос ұлының бірі бұл істі аяқсыз қалдырмас. Бастысы, Жанәбіл аға бір сөзінде тілге тиек еткен «сезгіштік» қасиеті әкесінен кейін ұлына дарыған. Русланның айтуынша, жаз айларында балаларын жуас аттарға мінгізіп тұрады. «Тіс қаққан шабандоз болмаса да ұлдарымның бірі атасы мен әкесінің жолын жалғар» – дейді. Айтпақшы, аттың бабын білетін жерлесімізді Ресейге де шақырыпты. Салмағы жеңіл, тәжірибесі де жеткілікті, бабы келіскен сәйгүліктермен жүлде алуына мүмкіндігі мол-ақ. Алайда жат жерде жүріп жүлде алғанша, өңірдегі атбегілік өнердің бір шетін шығаруды жөн көрген. Өткен жылы Тарбағатай топырағында өткен 140 шақырымдық аламан бәйгеде жеті сағаттан астам уақыт шапқан Руслан бар мүмкіндігін паш етті. Нөсер жаңбыр, батпақ, ат тірсегінен келер көлшіктер тұлпардан бұрын шабандоз үшін де сынақ еді. Көзге ұшқан топырақ, қарсы беттен соғар самал жел бетті кептіріп жібергені рас.

Дмитрий Писаревский

Дмитрий де ден қойып келеді

Дегенмен қазір бұл мәселенің тоңы сәл де болса жібігендей. Себебі қылқұйрықтыны қарап, ер-тұрманын сайлап, ара-тұра аламанға ат мініп шығатын Дмитрий Писаревский есімді бозбаланы атап өтпесек болмас. Қазір ол Шайырғазиндер шаңырағының бір мүшесі іспетті. Өзіндік себептерге байланысты қазір ата-анасымен тұрмайды. Есесіне осыған дейін мұрнына жылқы жануарының исі келмеген Дмитрий ат баптаудың жілігін шаққан жандардан біршама нәрсе үйренген.

– Бірде жиенім келіп: «аға, балалар келіп жүр ме, жұмысыңыз қалай болып жатыр?» деді. «Жоқ!» деп кесіп айттым. «Біздің үй жаққа бір отбасы көшіп келді. Ер жетіп қалған баласы бар екен. Салмағы жеңіл, бірақ атқа міне алмайды. Шақырып көрсек...». «Алып кел» дедім. Міне, 3-4 жылдың жүзі болды, сол бала бізбен тұрып жатыр. Өзінің бөлмесі бар. Киім-кешегін алып беріп, ақшасын да төлейміз, – дейді бапкер.

Расымен де, бәйгеге жарамды аттардың жайын күнделікті міністің арқасында ғана байқауға болады. Таңертең бес атқа, кешкісін тағы бесеуіне мініп шығу қажет. Әрине, мұндай қарбалас сәттерге әр баланың келіспесі анық. Ал Дмитрий қазір Русландай шынайы ат фанатының жанында жүріп, бұл өнердің шет жағасын байқап келеді. Әу баста бозбаланы атқа жақындатудың өзі мәселе болатын. Жанәбіл аға бәрін басынан бастап үйреткен. Руслан да әбден әбігерге түсіпті. Себебі ұлты орыс, шыққан ортасы бөлек бозбала тартыншақтап, шалыс басса оңбай жарақат алатынын жақсы білді. Қорықты. «Сол балаға рахмет айтқым келеді. Аттың фанаты болмаса да, «жарайды, жүре берейін» деген ойы бар екендігінің өзі жеткілікті» дейді білікті атбегі. Қыс түсе Көкпекті ауданының аумағына қар қалың түседі. Құлынжон, Көкжыра ауылдары шыңылтыр аяз бен қалың қарға әсте таңданбайды. Ал Шайырғазиндер әулеті әдеттегідей күн райына қарамай таң рауандап ата ат жүгіртуге шығады. Тірсектен, тізеден асатын қар аттың жабуын, тоқымын алып, тұлпардың терлеген ет қызуымен дымқылданады. Атқораға жеткенше біршама су болады. Дереу кептіру керек. Жанәбіл аға талапқа сай етіп салған атқорада әбзелдерді кептіруге арналған бөлме де бар. Мұнымен көбінде Руслан мен Дмитрий айналысады.

***

Саналы ғұмырын ұлттық спорт түрінің ұмытылмай, қоғам арасында өзіндік мәртебеге ие болуына арнап келе жатқан Шайырғазиндер әулетінің мақсаты айқын, қадамы нық. Атымтай жомарттар қолдауын аямаса бұл жандардың ата кәсіпке деген ынта-ықыластары ерекше. Сәтін салса, алғашқы жарыстар мамыр айында өтпек. Бүгінде аттардың жем-шөбін, дәрумендерін, тағасын алып беріп отырған «Талап» шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Күшікбаевты атап өткен жөн. Одан бөлек, Жанәбіл аға Русланға айлық жалақы төлеу мәселесін шешіп беріп отырған аудан әкімі Асхат Смаиловқа алғысын жеткізді. Десе де өңір көлемінде ат баптауда ерек тәсіл қолданатын жандарға Алла медет берсе, алар асулары алда екендігіне еш күмән жоқ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ