Аягөз қаласының тұрғындары таза ауызсудың толық тартылмағандығына наразы

7250
көрілім
Шартты фотосурет

«Отыз тоғыз мыңға жуық тұрғынның әлі қаншасы осы мәселеге тап болады?» деген сауалдың жауабы бізге беймәлім. Бірақ ауызсу тапшылығының бар екендігі рас. Газет редакциясына Аягөз қаласынан қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыз осы түйткілдің әлі түйінін таппай жатқандығына шағымданған еді. Бірқатар аудандарда елдімекендерге әр жылы құбыр арқылы ауызсу тартылып жатса, аягөздіктер әлі де болса жан-жағына үмітпен қарап, әкімдіктің жылдам іске араласуына өтініш білдіріп-ақ келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Өтінішімізден ешнәрсе өнбейтін сияқты»

Аудан басшысының әлеуметтік желідегі парақшасында тұрғындар тарапынан осы жайт бойынша өтініш-шағымның жиі түсетіндігін байқадық. Әсіресе Терлікбаев, Тоқсанғазин, Титаков, Ақанаев, Серғазин сынды көшелер сол күйі қараусыз, неше жылдан бері назар аударылмай келе жатқаны белгілі болды.

– Бұдан бөлек, Подгорная көшесі де бар. Қанша айтқанымызбен өтінішімізден ешнәрсе өнбейтін сияқты. Әкімдік те, көмекшілері де барлық мәселеден хабардар. «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалмаса екен. Кейде аудан басшысының қашан келгенін де байқамаймыз. Айтпақшы, Желтоқсан көшесінің тұрғындары да ауызсу машақатын тартып келеді. Бәрін бір уақытта орындау мүмкін емес екендігін түсінеміз, алайда жылына екі-үш көшені толық қамтыса қандай тамаша болар еді, – дейді Мақпал Неталина (аты-жөні өзгертілген).

«Алдымен ауызсу тартылады»

Иә, Аягөздің басшысы Сейілбек Ысқақов тұрғындармен бірнеше мәрте жолығып, көтерген мәселелерімен танысып, шешімін таппай келе жатқан жайттарды көмекшісі қойын дәптеріне түртіп алды. Айтпақшы, осыдан бірнеше апта бұрын әкім Желтоқсан көшесіне арнайы атізін салды. Сейілбек Абұйырұлы өз тарапынан тұрғындарға биылғы жұмыс жоспарында Желтоқсан көшесі бар екенін, қазіргі таңда конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқандығын мәлімдеген. Бәлкім кезең-кезеңімен қолға алынып жатқан жұмыстың бір көрінісі осы болар. Барақ батыр көшесі де назардан тыс қалмады.

– Кездесу барысында аталған көшеге ауыз су тарту, жол жөндеу, жарықтандыру және балалар ойын алаңын салу сынды мәселелер көтерілді. Осы түйткілдерді шешу жұмыстары назардан тыс қалмайды, әрі бірінші кезекте ауыз су тарту мәселесін шешетін боламыз. Мұны бітірген соң тұрғындарға жарықтандыру, жол жөндеу және тағы басқа жұмыстар уақтылы жүргізілетіндігін жеткіздім, – деді Сейілбек Ысқақов.

Енді әкімдіктің ресми жауабын ұсынайық. Қазір Аягөз қаласындағы тұрғындар саны – 38439 адам. Аудан әкімінің орынбасары Медет Мырзыкешов ұсынған мәліметке сәйкес бүгінде 1752 отбасы орталықтандырылған ауызсумен әлі қамтылмаған. Әлі күнге дейін өзекті саналатын мәселені біржақты ету үшін қазір мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп жатқан көрінеді. Жалпысында қала бойынша 64 көшеге орталықтандырылған ауызсу тарту көзделген.

Биыл 500 млн теңге бөлінген

Берілген сұраухат жауабына сүйенсек, 2021-2022 жылы 37 көшеге орталықтандырылған ауызсу тартылмақ. Әсілі, мұны кесте түрінде ұсынған ләзім.

Көше атауы

1

Құрманғазы

2

Саметов (Ключевая)

3

Оспанов (Осенний переулок)

4

Талғат Бигелдинов

5

Б.Ысқақов (Водоемная)

6

Янушкевич

7

Нұрахметов (Еңбекшілер)

Ұзынсонар тізім болып кететіндіктен ресми жауаптағы бірнеше көше атауы ғана кестеге салынды. Бұдан бөлек, Байшашев, Шайханқари, тілге тиек етілген Терлікбаев, Титаков, Тоқсанғазин, сондай-ақ Барақ батыр, Боранбай би және тағы басқа көшелер мердігер ұйымның қарбалас тірлігінің куәсі атанбақ.

Жыл

Көше саны

1

2018

31

2

2021-2022

37

3

2022-2023

27

Бұл жерде осыдан үш жыл бұрын нақты 31 көшенің орталықтандырылған ауызсумен қамтылғандығын аңғардық. Биыл сол межеден асып түсу жоспарланыпты. Аудан басшылығына тек сәттілік! Болашақты болжағанымыз әбестік болар, алайда парақ бетінде жазылған жоспар толыққанды іске асырылса шағымнан гөрі алғыс пен жылы лебіздер жиі айтылар еді. Өтініш-тілек түсіп жатыр, демек мәселелер әлі шешімін толық таппаған деген сөз.

Аягөз қаласының су құбырлары желісі құрылысының жобасына биыл 500 млн теңге бөлінген екен. Ашып айтсақ, жарты миллиард теңге қаржыны орнымен жарату да жауапты жұмыс…

Әділхан ЕСІМХАНОВ