Айбек Нұғымаров Әлем Барысы турнирінің күміс жүлдегері

305
көрілім

Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен дәстүрлі Әлем Барысы турнирі өтіп, жерлесіміз Айбек Нұғымаров үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген апайтөс палуандар кезекті мәрте айтулы аламанға жүлде алсам деп жиналды. Ал отандастарымыздың алдындағы басты мақсат – ел намысын абыроймен қорғап, бас жүлдені сақтап қалу еді. Төрт мәрте Әлем чемпионы Айбек Нұғымаров, Қазақстан барысы турнирінің жүлдегері Руслан Әбдіразақов, Мақсат Исағабылов және Нұрдәулет Жарылғапов. Қазақ күресінен еліміздің бас бапкері Ерлан Естек және жаттықтырушылар құрамы оқу-жаттығу жиындары қорытындысында, әлемдік аламанда осы төрт спортшының белдесуін құп көрген екен. Алайда Руслан Әбдіразақов пен Нұрдәулет Жарылғапов алғашқы белдесулерінде-ақ сүрініп, сайысты ерте аяқтады. Мақсат Исағабылов жартылай финалға дейін сәтті өнер көрсетіп, әрі қарай жерлесіміз Айбек Нұғымаровқа есе жіберді. Десе де Мақсат қола белбеу үшін болған белдесуде атағы бір басына жететін өзбек спортшысы Мухсин Хисомитдиновке еш мүмкіндік қалдырмады.

Ал осыған дейін екі дүркін Әлем Барысы атанған Айбек Нұғымаров алдымен словениялық Юрий Вусникті небәрі 39 секундта айқын ұтты. Екінші кездесуінде аустралиялық Себастьян Адам Темесиді тартысқа толы белдесуде 3 минут 43 секунд өткен соң басымдығын ұлғайтып, жолынан ығыстырды. Бұдан кейін 1/8 финалда сыралғы қарсыласы литвалық Эрик Бизуновичті 32 секунд ішінде аяғын аспаннан келтірсе, ширек финалда моңғол палуаны Серік Бердімұраттан бір бас жоғары болды. Жартылай финалда жоғарыда айтқанымыздай, тағы бір отандасымыз Мақсат Исағабыловтан басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды. Сөйтіп шешуші сында ресейлік Роман Бобиковпен жолы түйісті. Айта кетейік, Роман Бобиков жартылай финалда сол Мухсин Хисомитдиновтен айласын асырып кеткен болатын. Алайда ақтық сын көпшілік күткендей болмады. «Айбектің асығы алшысынан түсер» деген сенімде отырған жанкүйерлер бас жүлденің Ресей мемлекетіне кеткенінің куәсі болды. Айтпағымыз, Роман Бобиков біршама белсенділік танытып, жерлесімізден басым түсті. Осылайша шығысқазақстандық спортшы екі дүркін Әлем Барысы деген жетістігіне енді күміс белбеуді қосып, кезекті рет тұрақты нәтиже көрсете білді.

Фото спортшының жеке парақшасынан

Әділхан ЕСІМХАНОВ