Батырға ескерткіш қойылды

757
көрілім

Зайсан ауданында Қаракерей Қабанбайдың сенімді серігі Баймұрат батырға ескерткіш қойылды, деп хабарлайды газет тілшісі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Заманында найман ішіндегі төртуыл руының ұранына айналған Баймұрат батырдың ескерткіші Зайсан қаласына кіреберісте орнатылды. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса алғанда – 10 метр, салмағы – 7 жарым тоннаға жуық.

Ескерткіштің ашылуына Қазақстанның халық жазушысы, батырдың ұрпағы Қабдеш Жұмаділов, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов келіп қатысты.

Ұрпаққа рух беретін, бүгінгі буынға аманат жүктейтін туындыны бұған дейін облыста Құнанбай, ұлы Абай ескерткіштері мен Мұхтар Әуезов, ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың тасмүсіндерін кейіптеген семейлік талантты, жас мүсінші Нұрбол Қалиев бір жыл көлемінде жасап шығыпты. Ескерткіштің бой көтеруіне қырық миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Асқар ТҰМАРБЕК