Бесқарағай ауданында партиялық кадрлар резервіне іріктеу өтті

346
көрілім

Республика бойынша партиялық кадрлар резервіне өткізілген іріктеуге орай Бесқарағай ауданында үміткерлікке ұсыну кезінде бас-аяғы 46 адам өтінім берген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Омаров осы бағыт бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың белсенділігі бойынша ойын білдірді. Айтуынша, өтінім берген тұрғындар ішінде ерекше белсенділік танытқандары әйелдер мен жастар. Оның ішінде 23 әйел, 35-ке толмаған 15 жастар өкілі. Олардың атқарып жатқан қызметтері де әралуан.

– Осы жылдың 5-15 қараша аралығында үміткерлер халық арасында өз беттерінше үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ұзын-саны 430 адамды қамтыған еңбек ұжымына бірнеше мәрте жиналыс жұмыстарын өткізді. Партияның аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде осы бойынша бірнеше мәрте пікірталастар да ұйымдастырылды, – дейді Болат Уәлиұлы.

Мұнымен қатар, партиялық кадрлар резервіне іріктеу өткізу барысында үміткерлер барынша тұрғындар санын көптеп қамтып қалуға тырысқан. Партия белсенділері өз үміткерлігін ұсыну кезінде тұрғындар мәселелеріне құлақ түріп, ашық диалогке көшуді жөн санапты. Бұл ретте бесқарағайлықтар да нақты сауалдарын қойып, түйткілді мәселелерін ашық айтқан. Жауапты тұлға тілге тиек еткендей, партияішілік іріктеу – алдына мақсат қойған белсенді жандар үшін өзекті мәселелерді өз бетінше шешіп көруге таптырмас мүмкіндік.

Әділхан ЕСІМХАНОВ