Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ әлемнің үздік 950 университетінің қатарына енді

1850
көрілім

Бұл туралы Өскеменде өткен жиында аталған білім ордасының ректоры Сәуле Рахметуллина мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оның сөзінше, өткен оқу жылында студенттер біршама биікті бағындырды. Соның бір нәтижесі, жаһандық рейтингте жоғары орынға жайғасуы. Айталық, ұлыбританиялық QS агенттігі жариялаған көрсеткіште өскемендік жоғары оқу орны 18400 университет ішінде 901-950 орыннан көрінді.

– Жыл көлемінде жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде соңғы 10 жылда білім ошағының академиялық абыройы, жұмыс беруішлер мен жұмысқа орналасқан түлектердің де мәртебесі көтерілді. Одан бөлек, халықаралық аудит қорытындысы бойынша университет QS рейтингісінде басымдықтың «4 жұлдыз» бағасын алды, – деді Сәуле Жәдігерқызы.

Бұл ретте Шығыс Қазақстан техникалық университетінің тағы бір әлемдік рейтингіге енгенін айта кетейік. Мәселен, The Times Higher Education Impact нәтижесіне сәйкес әлем бойынша 850, Қазақстан бойынша үздік екі жоғары оқу орнының бірі атанды.

Сәуле Рахметуллина мұндай жетістіктердің себебін халықаралық деңгейдегі білім ордалары, бұрыннан тығыз байланыс жасап жүрген серіктестерімен тізе қосып атқарылған жұмыстармен ұштастырды. Мәселен, немістің Бранденбург техникалық университетімен және АҚШ-тың Дэлавер университетімен бірлесе, «Жаңартылған энергетика» аталатын білім беру бағдарламасы әзірленген.