Данияр Қайсанов екі дүркін Азия чемпионы атанды

489
көрілім

Көкпекті ауданының тумасы Үндістанда өткен сайыста құрлық көлемінде өзін теңдессіз екендігін тағы бір дәлелдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Нью-Дели қаласында алдымен грек-рим күресінің шеберлері, артынша әйелдер күресі бойынша үздіктер анықталған болатын. Ақпанның 22-сі күні бозкілемге еркін күрес шеберлері беттеді. Данияр Қайсанов аталмыш сында 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері әрі өткен жылғы Азия чемпионы есебінде өнер көрсетті. Жерлесіміз алдымен Ирак елінің өкілі Карам Шахир Махмудты 10:0 қылып, жартылай финалда жапон спортшысы Даичи Такатаниді 9:4 есебімен тізе бүктірді. Ал шешуші сында бозкілем қожайыны Джитендер Джитендермен жолықты. Төреші ысқырығынан соң бірден алға ұмтылған үндіс палуаны күш жағынан Даниярға еш есе жібермеді. Дегенмен қарсыласын күтіп алып барып шабуылға шыққан шығысқазақстандық спортшы біртіндеп ұпайын түгендеумен болды. Белдесу соңына қарай Джитендер қарқынын күшейтіп, Қайсановтың артына шығуға ұмтылды. Алайда жерлесіміз белдесуді бақылауына алып, соңғы секундтарға дейін 3:1 есебін сақтап қалды. Осылайша көкпектілік палуан былтыр Қытайдың Сиань қаласында өткен құрлықтық чемпионаттағы жеңісіне тағы бір алтын медаль қосты. Мейірбек Байжанов пен Әлібек Нүкенов баптайтын палуанымыз жуырда ғана ресми түрде Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлем чемпионатының 74 келі салмақтағы қола жүлдегері атанғанын айта кеткен жөн.

Әділхан ЕСІМХАНОВ