Ерлігі еленбеген батыр

371
көрілім
Ержан Амарханов.

Өртке оранған автобустан 48 адамды құтқарған семейлік Ержан Амархановтың ерен ерлігі ескерусіз қалып барады

Апат айтып келмейді. Ұзақ сапарға бағыт алған автобусты қапияда қызыл жалын шарпиды деп кім ойлады дейсіз?! Түн жарымында барлық жолаушылар терең ұйқыда жатқанда лаулаған тілсіз жауды көрген Ержан Амарханов дабыл қағып, автобусты тоқтатады. Қоғамдық көліктің ішінде қаннен-қаперсіз жатқан адамдар атой салған Ержанның ащы айқайынан кейін бір-ақ оянған. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, алып денелі семейлік азамат автобустың есігін теуіп ашып, жолаушыларды бір-бірлеп далаға шығарады. Осылайша, ішінде еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін кездесетін 48 адам ажалдан аман қалған. Міне осы сәттен кейін бейбіт күннің батыры жайлы БАҚ өкілдері жарыса жазды. Ал шенеуніктер болса, әйелі және 4 баласымен пәтер жалдап жүрген 37 жастағы Ержан Амархановты «тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, бапкер ретінде жұмысқа орналастырамыз» деп ауыз толтырып айтып жатты. Ал қазір ше? Сол оқыс оқиғадан кейін 1 айдан астам уақыт өтті. Ержанға уәде етілген пәтер әлі жоқ. Бұрынғыша ресми жұмыссыз. Өр мінезді еріміздің ерлігі ескерусіз қалып бара жатқандай… «Жаман айтпай жақсы жоқ», ал егер осы болаттай берік жігіттің батыл әрекеті болмаса Ақтөбедегі автобус өртеніп 52 адам қаза тапқан қаралы оқиға қайталанар ма еді, кім білсін?!

Оқиға қалай болды?

Тамыз айының 4-і күні сағат 19.50-де Ержан Амарханов көлік сатып алу мақсатында «Семей – Новосібір» бағытында автобуспен жолға шығады. Түнгі сағат 3.20-да қоғамдық көлік Алейск қаласына таяған. Барлық жолаушылар түгел дерлік ұйқыда жатты. Кенет автобустан өрт шығып, лезде жан-жаққа лаулай бастайды. Мұны байқап қалған жалғыз адам болды. Ол – семейлік Ержан еді.

– Алаңсыз ұйықтап жатқанымда орындығымның асты жып-жылы болып кетті. Көзімді ашсам астымда от жанып жатыр. Бірден жүргізушіге жүгіріп барып автобуста өрт шыққанын хабарлап, көлікті тоқтатуын сұрадым. Бірақ ол менің сөзіме сенбей қойды. Ал екінші жүргізуші болса – терең ұйқыда. Көп кідірмеуге болмайтындықтан жүргізушіге жұдырық жұмсауға тура келді. Осыдан кейін ғана ол автобусты тоқтатты. Ал қайтадан орныма келсем, қызыл жалын біршама жерді шарпып үлгерген. «Жанып жатырмыз» деп айқайласам да адамдар сезбейді. Сөйтсем автобустың артқы бөлігінде отырғандардың көбі көк түтінге уланып үлгерген екен. Ал кейбірі не болғанын түсінбей, қарап отыр. Тіпті жүргізуші автобустың есігін де ашпады. Содан кейін екі есікті тепкілеп, итеріп жартылай аштым. Алдымен балаларды далаға шығардым. Көтеріп алып, бірінен кейін бірін лақтыра бердім. Өйткені өрт күшейіп барады. Ал жүргізуші өрт сөндіру құралымен тілсіз жауды сөндіріп жатты. Бірақ қызыл жалын дес берер емес, – деп еске алды Ержан.

Жолаушылардың арасында 3 айлық сәбиден егде тартқан зейнеткерге дейін бар. Барлығы – 48 адам. Оның 12-сі – бала. Ержанның айтуынша, автобус небәрі 4 минуттың ішінде өртке оранған. Ал ол жолаушыларды 1 минут 45 секундта құтқарып үлгерген. Қарап тұрсаңыз қас-қағым сәт. Бірақ осы бір ғана-ақ сәттің ішінде қанша адамның тағдыры жатыр…

– Ресейге барғанда көлік сатып аламын деп 1 400 000 теңге алып шыққан едім, – дейді батыр, – Бірақ адамдарды сыртқа шығарамын деп жанталасып жүргенімде құжаттарым мен ақшам жанып кетті. Оқиға орнына шамамен 10 минут ішінде өрт сөндірушілер жетіп, қызыл жалынды ауыздықтады. Барлық жолаушы басқа автобусқа отырғызылып, Барнаул қаласына жеткізілді.

Автобус Семейдегі «Сұлу» автобекетінен шыққан екен. Кейін Ержан автобекеттің басшылығына хабарласып, адамдардың өміріне немқұрайлы қарауға болмайтынын айтқан. Бірақ автобекеттегілер автобустың Ресей еліне тиесілі екенін, барлық арыз-шағымды соларға айту керек екенін жеткізіпті.

– Қоғамдық көлік Семейге келген соң техникалық тексеру жүргізілуі керек. Мен осыны айтқанда автобекет басшысы телефон тұтқасын қоя салды. Содан бері жауаптан қашып жүр. Кейін маған мәскеулік заңгер автобус жолға шықпас бұрын Қазақстанда тексерілуі керек екенін айтты. Бірнеше күн өткен соң жанып кеткен ақшамды өндіріп алу үшін автобус иесін іздедім. Оны достарымның көмегімен таптым. Бірақ ол маған тек 150 мың рубль ғана қайтарды.

Ержан 4 баланың әкесі. Үлкені – 16, кішкентайы – 3 жаста. Ресми жұмыссыз болса да грек-рим күресінен жаттықтырушы ретінде шәкірт тәрбиелеп, жарыстарға апарып жүр.


Ержан Амарханов палуан шәкірттерімен

Бір миллион теңге табыстады

Тамыз айының ортасына таяу Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов Ержан Амархановпен кездесті. Батырға ризашылығын білдірген әкім оның өз басын қатерге тігіп, ерлік жасағанына таңдай қақты. Кездесу барысында жергілікті кәсіпкер «Гордорстрой» ЖШС директоры Бауыржан Қайрамбаев Ержанға ерлігі үшін 1 миллион теңге табыстады.

– Семей қаласының әкімі баспанамен қамтамасыз ететіндігін айтқанда қатты қуанған едім. Себебі отбасымызбен 70 мың теңгеге пәтер жалдауға мәжбүрміз. Сондай-ақ телефоныма хабарласқан «Азия күрес» кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов жұмыс жағымен көмектесетіндігін жеткізді, – дейді Ержан.

Қаламын қару еткен журналистер де Ержан Амарханов жайлы талай мақалалар, сюжеттер жария етті. Тіпті ресейдің танымал тележурналисі Андрей Малахов оны өз бағдарламасына шақырды. Бірақ қарапайым мінезді кейіпкеріміз бұл ұсыныстан бас тартты.

– Ресей тілшілерінің арасында сол күні жолаушыларды басқа адам құтқарды деп жатқандар да кездесті. Мен ешқандай атақ қумаймын. Еш уақытта біреуге өзім хабарласып «оларды мен құтқардым» деп жар салған емеспін. Бәріне бір Алла куә ғой. Өтірік ақпарат таратқандарды өз ұяттарына қалдырдым.

Қапияда ажал құшты

Ескірген автобустардың өртену қаупі жоғары екендігі рас. Сондықтан ұзақ жолға осындай қоғамдық көлікпен шыққан адамдар кез келген жағдайға дайын болуы керек. Осы ретте, Ақтөбе қаласында болған қаралы оқиғаны естеріңізге түсіре кетуді жөн көрдік. «Самара-Шымкент» тасжолында келе жатып өртенген автобуста 52 адам көз жұмған болатын.

– 2018 жылдың 18 қаңтарында сағат 10:30-да Ырғыз ауданының Қалыбай ауылына жақын маңда автобустан өрт шықты. «Икарус» маркалы автобус ішінен шыққан өрт салдарынан 52 жолаушы көз жұмды. 5 жолаушы өрттен шығып үлгерген. Аман қалған 5 адамның екеуі Өзбекстан азаматы, үшеу қазақстандық. Оқиға орнына өрт сөндіруге арналған 2 техника мен 8 адам жіберілді. Бұл жер облыс орталығынан 320 шақырым қашықтықта орналасқан, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Артынан мұқым республика бақилық болған жандардың туған-туысқандарына көңіл айтты. Көз жасын көл еткен азалы ағайын өртке кінәлілердің жазасыз қалмауын талап етті. Біраз уақыттан соң Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу», «Міндеттеріне адал қарамау», «Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» баптарымен үш жүргізуші, механик және құрылтайшы айыпталды.

Ал осы автобус ішінде семейлік Ержан Амарханов сынды рухы берік жан болғанда осындай қайғылы жағдай орын алмас па еді?!

****

Ержанның ерлігі жайлы «Менің өлкем» газеті 16 тамыз күні жарық көрген нөмірде жазған болатын. Көзқарақты оқырман бізді не себепті сол оқиғаны қайталай жазып жатыр деген ойда болар? Оған жауабымыз дайын: Семейлік азаматтың 48 адамды құтқарғанына 1 айдан астам уақыт өтті. Бүгінде батыр жігітке деген назар бұрынғыдай емес. Ерлігі ұмытыла бастағандай. Олай дейтініміз, «пәтер алып береміз, жұмысқа орналастырамыз» деп жар салған әкім-қаралар бүгінде үнсіз жүр. Бұл жайлы Ержаннан сұрағанымызда ол «құдайға шүкір денсаулығым бар. Тауып жүрген ақшама пәтер жалдасам да, отбасымды далада қалдырмаймын» дейді. Білдей бір автобус жолаушылары ұстараның ұшында қалғанда шыбын жанын шүберекке түйіп, жанталаса қимылдаған Ержан Амарханов 50-ге жуық адамның жанын ғана емес, олардың мыңдаған туған-туысының көз жасын сақтап қалды. Осындай бейбіт күннің батырына не себепті лайықты құрмет көрсетіп, бір баспана сыйламасқа?! Жергілікті билік бұл жайтты назардан тыс қалдырмаса екен дейміз…

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуреттер Ержан Амархановтан алынды