Фристайл-могулден бас бапкер ойын ортаға салды

350
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Шығысқазақстандық білікті бапкер Елена Круглыхина ұлттық олимпиадалық комитетке берген сұхбатында мерзімінен бұрын аяқталған Әлем кубогінің кезеңдері жайлы ой бөлісіп, маусымды қорытындылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өз сөзінде Елена Круглыхина ұлттық құрама үздігі Юлия Галышеваның қазіргі спорттық бабы жайлы да пікір білдірген болатын.

– Биылғы маусым біз ойлағандай аяқталмады. Өмір болған соң ондай бұралаң сәттер де болмай тұрмайды. Бастысы, спортшыларымыз дін аман, жарақаттардан ада. Әрине маусым барысында спортшылар түрлі жарақаттар алған болатын, әйтеуір араға уақыт салып, ел сенімін арқалаған фристайлшыларымыз жарысты одан әрі жалғастыра білді. Дайындық кезінде әртүрлі әдістер енгізіліп, қазіргі штабымыз да ұлғайып, өз ісінің мамандары реті келгенше командалық жұмыс істеуге сүбелі үлестерін қосты. Спортшылар санының артуына байланысты екі команда жасақталды: бірі – Еуропа, екіншісі Әлем кубогінде жарыс жолына шықты. Қос құрамамыз да ойдағыдай өнер көрстетіп, тұғыр сатыларын жайғасты. Қазір бар күшімізді 2021 жылы өтетін Әлем, Азия чемпионаттарына және сол жылы өтетін Студенттік ойындарға жұмылдырудамыз. Жағдайды оңалып, аталған сайыстар өткізіледі деген сенімдемін. Алайда аталған додалар өткізілмейтін болса, біз әзірлігімізді үзбейміз, – деді ол. – Демалыс кезінде маусым барысында жіберілген олқылықтарды ой елегінен өткізіп, жаз маусымына деген жоспарларымызды бекітетін боламыз. Жүйелі жаттығуларға кіріспес бұрын спортшылар толыққанды тынығулары қажет. Сәті түссе, алғашқы оқу-жаттығу жиынын сәуір айының 1-не жоспарлап отырмыз.

Осы уақытқа дейін мәресіне жетіп үлгерген Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысында шығысқазақстандық әлемдік рейтингіге түрліше жайғасқан. Ерлер арасында риддерлік Дмитрий Рейхердтің жинаған ұпай – 362, бұл нәтижемен тәжірибелі спортшы төртінші сатыға жайғасты. Бірінші орынға жайғасқан спортшының есімі фристайлсүйер қауымға жақсы таныс, канадалық Микаель Кингсберри. Әлем кубогіндегі жарқын жеңістер үйеңкі жапырақ елінің өкіліне 940 ұпай жинауға мүмкіндік берді. Екінші орынға жапондық Икума Хоришима (639 ұпай), үшінші орынға франциялық Бенджамин Каве (531 ұпай) жайғасты. Өзге жерлестерімізден Павел Колмаков 19-шы және Сергей Романов 52-ші орындарға тұрақтағанын айта кетейік.

Әйелдер арасында франциялық Перрин Лаффонның алдына түсер ешкім болмады. Осы күнге 896 ұпай жинаған. Екінші орынға аустарлиялық Энтони Джакара (375 ұпай) және үшінші орынға АҚШ елінің өкілі Джэйлин Кауф (470 ұпай) ие болған. Ал жерлесіміз Юлия Галышева 375 ұпаймен алтыншы орынға табан тіреген. Неліктен алтыншы орын десеңіздер, өскемендік фристайлшы жарақатына байланысты соңғы үш Әлем кубогіне қатыса алмаған болатын. Бұдан бөлек, Аяулым Әмренова 32-ші және Олеся Граур 44-ші сатыға тұрақтады.