Глубокое ауданының тұрғындарына әлеуметтік көмір жеткізілмей келеді

395
көрілім

Газет редакциясына Глубокое ауданы Опытное поле ауылының тұрғыны бірқатар көшелерде жарықтың жоқтығын, тіпті көпқабатты үйлерді пеш жағып жылытып отырғандықтарын айтып хабарласқан еді. Осы орайда газет тілшісі Глубокое ауданының әкіміне сұраухат жіберіп, мәселенің мән-жайын біліп көрді.

Аталған ауыл тұрғындары атынан Тамара Дугина есімді азаматша толғандырып жүрген мәселелерді сан рет көтеріп, облыс әкімдігіне хат жазып та көргендіктерін айтты. Осы жылдың мамыр айында аймақ басшысы Даниал Ахметовке жазған өтініште өзекті мәселердің бірі – көпқабатты үйлердің күні бүгінге дейін пеш жағып жылытылып отырғандарын жеткізді. Мәселе мұнымен бітсе игі еді. Алайда бұдан басқа да түйткілдер толып жатыр екен. Опытное поле жұртшылығы тек орталық көшенің жарықтандырылғанын жеткізіп, осы мәселенің оң шешімін табуына тілеулестік танытуда. Айтуларынша, қыс мезгілінде ерте кеш қараятындықтан біраз көшелер тас қараңғы болып кетеді.

– Осыдан біраз жыл бұрын бұл ауыл қала тектес кент болатын. Қазір 5000-ға жетер-жетпес халқы бар, бұл да аз тұрғын емес. Ауыл тірлігіне алаңдайтынымыз рас. Болмағанда көшелер біркелкі жарықтанса жөн еді. Балаларымыз үйірмелерден, мектептен қайтқанда жарық жағып алдынан шығып жүреміз. Негізгі көшенің ғана жарықпен қамтамасыз етілгені өзге тұрғындарға тиімсіз, – дейді Балжан Мирхатова (аты-жөні өзгертілген).

Осындай талап-тілектерін аудан әкімі Қалихан Байғозыұлына да жазған. Мәселен 2019 жылы шілденің 12-сі күні өтінішке жауап бергенде көпқабатты үйлерді орталықтан жылыту мәселесі ауылдың негізгі жоспары болмағандығынан ашық күйінде қалып отырғандығын айтқан. Ал бұны «УК ТС» акционерлік қоғамының жоспарланған бюджеттік бағдарламасына енгізбейінше, жүзеге асыру мүмкін емес екенін алға тартқан.

Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Опытное поле ауылында 4661 адам тұрып жатыр. Мұнда ертеректе салынған екі, үш және бес қабатты үйлер бар. Бірқатары бастапқы қалпын жоғалта бастаған екен. Ең сорақысы, мұндағы жұрт бесінші қабатқа дейін отын-көмірлерін тасып үйлерін жылытса, осы жылы әлеуметтік көмірден де қағылған. «Көпқабатты үйлер неліктен орталық қазандықтан жылытылмайды?» деген сұрағымызға әкімдік бастапқыда округ аумағында орталықтан жылыту болмағандығы себеп дейді. Одан бөлек, уақытша қызметтік үйлерде пешпен жылытылатын барак үлгісіндегі үйлер салынғандығын жеткізді. «Халық санының артуына байланысты ауылда орталық жылусыз көпқабатты үйлер құрылысы басталып, ауыл шаруашылығы станциясы мен геология ауданының тұрғын үйлеріне жылу энергиясын беру бойынша екі жеке дара қазандық қондырғысы орнатылды.

Тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету үшін жақсартылған үйлерде отындық титандар қойылды». Осылай деп жауап берген аудан әкімдігі тағы бірқатар шаралардың қолға алынып жатқандығын тілге тиек етті. Айталық, Дачная көшесінде орналасқан 2 бес қабатты үйге арнап сұйық отынмен жылытудың жеке жүйесі дайындалып, кондоминиум ұйымдастырылған. Одан бөлек, қысқы уақытта жылу құралдарымен жылыту мүмкіндігі үшін кабель тартылыпты. Қазіргі уақытта ауылды магистральді орталықтандырылған жылуға қосу мәселесі бақылауда тұрған көрінеді. Алайда кей тұрғындарға маңызы зор болып тұрған әлеуметтік көмір мәселесінің биыл шешімін таппайтыны белгілі болды. Бұл ретте ауыл Глубокое ауданының әкімшілік бөлігіне кіретіндіктен әлеуметтік көмірден қолүзіп отыр. Ал көшелерді жарықтандыру мәселесі бір шешімін табатын сыңайлы. Қазір жоғарыда аталған Дачная, одан бөлек Инициативная, Степная, Набережная, Луговая көшелері жарықтандырылған. Ауылға толықтай жарық тарту жұмыстары жуық арада қолға алынады-мыс.

Сұраухатқа берілген жауапқа сәйкес Опытное поле ауылына 2018 жылы абаттандыру бағдарламасы бойынша Центральная, Нагорная және Дачная көшелерінде үш балалар алаңы жабдықталыпты. Ал бүгінгі күнге дейін ауылдағы саябақ, сәулет нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ