Катонқарағай ауданында меценат бөлген қаржы қалай жұмсалуда?

10293
көрілім
Шартты фотосурет

Барлығы өткен жылдың қазан айында ұйымдастырылған ауқымды жиыннан басталған. Тырнақ астынан кір іздеп, ақты қара деп білгеніміз емес, нақты сандар сөйлеп, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайын бір бағытқа қою мәселесі сөз етілген соң аудан басшылығының әр басқан қадамын назарға алуды жөн көрдік. Бір жиында жылына «осынша тұрғын бәлендей өңірге көшіпті» деген мәліметтер де айтылған еді. Жуырда аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың қатысуымен Өскеменде брифинг өтіп, біршама сауалға жауап берген болатын. Қамтылмай қалғанын қайта пысықтап, сұраухат ретінде жолдадық.

Қомақты қаржы бөлінді

Сол жиында Ренат Тілеуханұлы демалушылар есебінен түсетін пайданың төмен, тынығушылар тек жаз айларында ғана демалыс базаларына лық толып, белгілі бір уақытқа ғана туризмнің лебін сездіретіндігін жеткізген болатын. Сол ауданның тумасы, меценат Серік Толықпаев әр бағыт бойынша мәселенің шешімін табу жолын ұсынды, жеке есебінен қомақты қаржы бөлетіндігін мәлімдеді. Бір ерекшілігі, өзі бөлген 500 млн теңгені жыл сайын 50 млн теңгеден бөліп беріп отырғандығын алға тартты. Әлбетте, аз ақша емес. Енді соны ұтымды пайдалану аудан басшылығын жинақылыққа шақыруы тиіс. Шынымен биыл 50 млн теңге бөлінді ме?

– «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры Серік Толықпаев тұлғасында 2019 жылы 10 жылға жалпы сомасы 500 млн теңге жобаны іске асыруды бастады, – деген аудандық ішкі саясат, мәдениет бөлімінің басшылығы биылға деп бөлінген 33,4 млн теңгені қай бағытта жұмсайытындығын бірнеше тармаққа бөліп ұсынды. Кестеге зер салайық:

Сала немесе бағыт

Бөлінген қаржы

Қолға алынатын жұмыс

1

Әлеуметтік саланы қолдау

5,4 млн теңге

Үлкен Нарын ауылында балалар алаңының құрылысы (2,9 млн теңге), Катонқарағай ауылында балалар алаңын салу (2,5 млн теңге)

2

Абаттандыру

4,5 млн теңге

Катонқарағай ауылындағы Покровка шіркеуінің айналасын қоршау

3

Тазалық шаралары

8,5 млн теңге

Үлкен Нарын ауылында тұрмыстық қатты қалдықтар (ары қарай ТҚҚ) полигонына қоршау орнату (2 млн теңге), Үлкен Нарын ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының маңайын тазарту (2,8 млн теңге), Катонқарағай ауылындағы ТҚҚ үйіндісін жою және тағы басқалар (2 млн теңге)

4

Туристік қызметті пайдалану

15 млн теңге

Жас туристер станциясын сатып алу (1,5 млн теңге), туризм субъектілері үшін оқыту бағдарламалары (2 млн теңге), жұмыс істеп тұрған шағын қонақүйлер үшін гранттық қаржыландыру (11,5 млн теңге)

Уәде бар, әрекет жоқ

Былтыр өткен жиын барысында бөлінген қаржы жыл көлемінде игеріле бастауы тиіс-тін. Ал сұраухат жауабында «жобаны іске асыруды бастады» дегеннен-ақ орындалған нақты бір жұмыс көлемі ұсынылмағандығына таңданудың жөні жоқ шығар. Себебі 33 млн қаржының жыл бітпей игерілетіндігіне сену қиын. Сусыз жерге сусыған миллиондар деуге әлі ерте болар, әйтсе де қомақты қаржыға әлі бірде-бір жұмыстың тәмамдалмағаны расымен де жабырқатарлық жаңалық. Катонқарағай деген атаудан-ақ туризм, тынығып жатқан меймандар жадымызға оралады. Өңірді республика бойынша шикізат өндіретін алғашқы аудандардың біріне айналдыру да сөз етілді. Уәде бар, әрекет жоқ. Сауалға берілген жауап тақырыптан ауытқыған. Этноауыл мәселесін айтудың өзі артық болар. Қомақты қаржы бөлген Серік Толықпаев мырза Өрел, Катонқарағай және Үлкен Нарынды болашақтың ауылына айналдыруды мақсат еткен болатын. Бұл жерде меценат пен аудан басшылығының тығыз байланысын ескерсек, жүйелі жұмыс әлі сараланып жатқан болар.

– Катонқарағай ауданының Жамбыл ауылында аудандық тұрақты даму қорымен бірлесе отырып этноауыл құрылысы жоспарланған болатын, алайда карантин шараларына байланысты жұмыстар тоқтатылды, – деді бөлім басшылығындағылар.

Сайып келгенде, айтылған сөз сол жиыннан ары аспай қалғандай. Берілген жауаптың қуантқан тұсы сол, аудандағы елді мекендер арасында жойылу қаупі бар ауылдың жоқтығын мәлімдеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ