Катонқарағай ауданының Қабырға ауылына бірнеше жылдан бері ауызсу тартылмай келеді

2731
көрілім

Катонқарағай ауданының Қабырға ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз бірнеше жылдан бері сапалы ауызсу жоқтығын айтып, аудан әкімдігіне жеткізген өтініштерінің орындалмай жатқандығын жеткізген болатын. Аймақ көлемінде ауызсу мәселесінің талай ауылдарда шешімін әлі күнге таппай отырғандығы тағы бар. Бұл ретте газет тілшісі Катонқарағай ауданының әкіміне сұраухат жіберіп, мәселе төркініне үңіліп көрген еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бюджеттік сұраныс жіберілген

Бір айта кетерлігі, ақпан айында жіберген сұраухаттың жауабы күн сайын электронды поштаға үңілумен, сағындырған жыл құсындай көп күттіріп, ақыр соңында наурыз айының екінші онкүндігінде жетті. Жауапты тұлғаларға бірнеше мәрте хабарласып, мәселе өзектілігін жоғалтып ала ма дегенде зәреміз қалмады. Абырой болғанда, аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бір хабарын беріп, қабырғалықтардың қазіргі ауызсу мәселесі жайлы жауап жіберді. Дегенмен мәселе осы жылы шешімін таба ма, жоқ па, ол әлі белгісіз. Себебі қазіргі уақытта Қабырға ауылының орталық көшесіне дейін құбыр тартып, су шүмегін орнатуға аудан әкіміне тек бюджеттік сұраныс жіберілген. Бюджеттік сұраныстың өзі бір-екі апта немесе 1-2 ай ішінде шешімін табатын мәселе еместігін ескерсек, шағын ауыл тұрғындарының тартып отырған машақаты әлі де жалғасатын сыңайлы.

Шағын ауыл дейтініміз, аудан әкімдігі берген жауапта Қабырғада 180 тұрғын бар жазылған. Алайда тұрғындар санының көп болмауына қарамастан ауыл қамын ойлап, өзекті саналатын түйіткілдерді аудан басшылығына қаз-қалпы жеткізе білетін азаматтардың бар екендігі Қабырғаның бүгін-ертең танабы кеуіп, тасы қаңсымайтынын аңғартады. Ендеше аталған мәселенің шешу жолын іздестіруде жауапты тұлғалар не дейді?

– Қабырға ауылына бір су шүмегін орнату үшін сметалық құжаттамалар әзірленуде. Өткен жылы блокты-модульді станса орнатылған болатын, – дейді аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дамир Мұхамедов.

Жоғарыда бөлім басшысының сөзіне сүйеніп, ауылдың орталық көшесіне дейін су құбырын тарту үшін аудан әкіміне бюджеттік өтінім жіберілді дедік. Демек, айтылған ойлар мен берілген жауапты қорытар болсақ, ауылға су шүмегі биыл орнатылса үлкен қуаныш, мәселе шешімін таппаса аядай ауыл тұрғындарының өтініші тағы да ескерусіз қалмақ. Онсыз да соңғы жылдары өңірдегі бірқатар ауылдар картадан біржолата жойылып, талай отбасылар басқа ауылға қоныс аударғанын ескерсек, елді мекендерді сақтап қалудың бірден бір жолы – барынша тұрғындардың тілек-өтініштеріне құлақ түріп, шама-шарқылары жеткенше қолұшын созу.

«Ауызсудан таршылық көріп келеміз»

– Бір жылдары қарбалас тірліктен, ат тұяғының дүбірінен ауыл ішінде шаң көтеріліп, азан-қазан болушы едік. Енді жыл өткен сайын ауылдың шырайы кетіп, ауызсудан таршылық көріп келеміз. Тұратын жеріміз жайлы, басқа жаққа көшуді ойлап жүрген жан жоқ. Тек өтінішімізге құлақ асып, сапалы ауызсу тартылса жөн еді, – дейді Қуатбек Аманов (аты-жөні өзгертілген).

Не де болса, аудан әкіміне жіберілген бюджеттік өтінім биыл қаралып, тиісті жұмыстар тез арада басталар деген сенімдеміз. Мәлім болғандай, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша биыл Катонқарағай ауданында төрт бірдей ауылды сумен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстары жүзеге асырылуда. Айталық, Ақсуға – 772436 млн, Ново-Поляковкаға – 331033 млн, Шыңғыстайға – 610899 млн және Аршаты ауылына 433821 млн теңге қаржыға сумен жабдықтау желілерін орнату жөніндегі жобалар қолға алынған. Қуанарлығы сол, аталған бағдарлама негізінде аудан әкімі катонқарағайлықтарды ауызсумен қамтуды күн тәртібінен шығармаған сыңайлы. ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының сөзіне сенсек, өткен жылы аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес Балғын, Үш Бұлақ, Жазаба, Ақмарал, Жұлдыз, сондай-ақ Қабырға ауылына блокты-модульді стансалар орнатылған.

Әділхан ЕСІМХАНОВ