Көкпектілік омарташы балды жаңа технологиямен өндірмек

923
көрілім
Farmers.kz

"Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы бойынша 2,7 млн теңге грант ұтып алған көкпектілік омарташы омартасын жетілдіріп, балды жаңа технологиямен өндірмек, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО Кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.

Көкпекті аулының тұрғыны болып келетін Әділет Рапеков бұл ақшаға канадалық технологиядағы омарта сатып алуды көздеп отыр.

- Бал алуды механикаландыратын кран-балка сатып аламыз. Мұндай кран 250 келілік ара ұяларын көтеріп, қайта қоюға арналған. Кәдімгі ара ұясы 60 келі, қос корпустысы 110 келі тартады. Ал канадалық ұялар көп корпусты болғандықтан салмағы ауыр тартады, - дейді ол.

Мұндай әдіспен күніне бір жарым тоннаға дейін бал алуға болады. Сонымен қатар кәсіпкер аралардың қысты жайлы өткізуін қамтамасыз ету мақсатында термоқадағалағышы мен жылу реттегіші бар бөлек нысан салуды да көздеп отыр.