Көкжыра ауылының көше шамдары күзде орнатыла ма?

7506
көрілім

Алғашында әр тұрғынның көңілі орныға түсіп, «өзгеріс деп осыны айт» дегендей мердігерлер жұмысына мейірлене көз тіккен. Жұмыс қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен өрбіп, күнделікті қарбалас бір сәтке де тоқтамады. Алайда шаруа мәресіне жеткен тұста қуанудан гөрі күту созыла түсті. Көкпекті ауданына қарасты Көкжыра ауылында көше шамдарының жарты жылға жуық жанбауы тұрғындар наразылығын туғызып, жауапты тұлғалардың немкетті жұмысына шағымын күшейтті. Қас қарайғанда оқушыларды қаумалап алатын қараңғылық та ата-аналарды алаңдатпай қоймауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Былтыр жоспарланған жұмыс

Әдеттегідей әкімдікке қоңырау шалдық. Ресми жауап беру кезінде біршама уақыт алатын болғандықтан сұраухат жібермей, округ әкімдігімен байланысқа шығу орынды саналды. Көкжыралықтардың төтесінен тартқан сауалы: «Былтыр уәде еткен көше шамдары мен үш жыл бұрын салынған шағын футбол алаңқайының жарығы неге жанбайды?». Ғаламтор тарту мен асфальт төсеу жұмыстары бұл жұмыстан салыстырмалы түрде күрделі болуы мүмкін. Дегенмен тиісті қаражат бөлініп, әзірленіп қойған шамдарды орнату құрал-жабдығы тап-тұйнақтай мердігерлер үшін бас қатырар жұмыс болмаса керек. Қош. Ауылдық округ басшысы не деді? Осыған дейін іргедегі індет талай жұмыстың ілгерілеуіне кесе көлденең тұрса, бұл жолы жағдай шиеленісті формадан босаңсығандай.

– Былтыр жоспарда тұрған еді бұл жұмыс. Айталық, шағын футбол алаңқайының шамдары пандемияға байланысты орнатылмаған-тұғын. Қаулы сондай болып, оны орындау міндетті саналды. Әлбетте, кешқұрым теңбіл доп теуіп жүрген жастар үшін бұл жағы айтарлықтай қолайсыз. Дегенмен, алдағы екі апта ішінде арнайы автовышканың (биік сатысы бар арнайы техника) көмегімен жарық тартылмақ. Шамдары сатып алынып қойған, – деді Құлынжон ауылдық округінің әкімі Самархан Демесінов.

Бір айта кетерлігі, Самархан Демесінұлы жуырда ғана ауылдың беткеұстар азаматтарының бірі – Асқар Қажығалиевпен жолыққан екен. Мүмкіндік болса мердігерлерден бұрын іске асырып, футбол алаңқайын жарықтандыруды біржақты етпек болған. Дегенмен трактор стогометі үшін тым биік әрі қауіпті саналыпты. Енді не де болса «екі аптада келіп тындырамыз» деген мердігерлерді күткеннен басқа лаж жоқ.

Алаңдаған ата-ана

Бұдан соң ауылдағы өзекті мәселелердің бірі – бес айдан бері қою қараңғылықты айнымас серігіне айналдырған көше шамдары. Әдетте, «Өскемен-Самар» тасжолы жағынан немесе Құлынжон ауылынан шыға бере, Көкжыраның еміс-еміс жанған жарығы алыстан мұнартатын. Ал қазір күн батысымен-ақ елдімекен тәкаппар түн көрпесін еркін жамыла түскен, құдды бір тұрғындардан ада үйлердің жиынтығы іспетті. Бұл әсіресе кешқұрым сабақтан қайтқан оқушылар мен бүлдіршіндер үшін қорқынышты. Күн ұзаққа шынжырға шырмалған төбетін кеш бата босатқандар да қауіп бұлтын үйірері хақ. Дұрысы, әр көшенің жарығы күнделікті жанып тұруы.

– Шамдардың неліктен жанбай тұрғанын сұрағанымызда «қай жерден сынып тұрғанын таппадық» деген болатын. Сонда сол беті табылмай кете ме? Қыркүйек есік қақпай, жаз айларында қолға алса деп үміттеніп едік. Болмады. Қазір күн ерте бататындықтан сабақтан шыққандар үшін қараңғы лезде түседі. Ауылды жер болса да ата-ана баласы үйіне жеткенше алаңдап бітеді. Уәде еткен жарық биыл тартылса екен, – дейді Рахима Медетбекқызы (аты-жөні өзгертілген).

Биыл қамтылатыны бес көше

Округ басшысы жоспарға сәйкес биыл бес көшеге жарық тартылатындығын жеткізді. Айтуынша, барлығын бақылауда ұстап отыр. Тек мердігерлер жалған уәде беріп, жылдарға жалғасқан жұмысты одан әрі созбаса игі.

– Егер жағдай тағы да өгізаяңға жалғасса көше шамдары тым құрығанда Жаңа жылға дейін тартылмақ. Абай көшесі екіге бөлінгендіктен көпір орналасқан жақтың жарық орнату бойынша құжаты дұрыс, тек екіншісі бөлігінікін ресімдеу қалды, – деп сөзін қорытындылады округ әкімі.

Демек, көкжыралықтар қыркүйектен оң өзгеріс күтеді. Үш жыл бұрын орнатылса да, күн алагеуімдене бастағанда доп көрінбей қалатын футбол алаңқайы да күздің алғашқы айында жарқырап тұруы бек мүмкін. Бастысы, «бұл жұмыстар менің бақылауымда тұр» деген Самархан Демесінұлының сөзі қуантты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ