Қосымша автобустар не себепті келмей кетті?

541
көрілім
Шартты фотосурет.

Мен Герасимовка ауылының тұрғынымын. Өздеріңіз де білесіздер, қаладан біздің ауылға қарай тек №71 бағыттағы автобус қатынайды. Осыған дейін бұл бағытта екі автобус жүріп-тұрғанымен, тұрғындардың жұмысына, үйіне жетуін қолайлы ету мақсатында автопарк таңертең және кешке тағы да қосымша 2 автобус бөлген болатын. Соңғы уақытта бұл қосымша автобустар өз жүруін тоқтатты. Соның салдарынан Герасимовка, Прудхоз, Новоявленка және Нұрлы Көш ауылдарының тұрғындары қалған екі автобусқа сыйысуға мәжбүр. Олардың көбісі қалаға кетіп бара жатқан көліктерді жолай тоқтатып немесе такси шақыру арқылы діттеген жерлеріне жетіп жүр. Не себепті қосымша екі автобус қатынауын тоқтатты?

Назгүл.Б

Сіздің сауалыңызға Жолаушылар тасымалын басқару орталығы ЖШС жауап берді:

– №71 «Өзен вокзалы – Герасимовка ауылы» бағытындағы автобус 2013 жылдың ақпанынан бастап жүруде. Жол жүру кестесі бойынша, автобус Герасимовка ауылынан сағат 6.20, 6.45, 7.05, 7.30, 8.00, 8.50, 9.40, 11.00, 13.05, 14.35, 15.15, 16.45, 17.45, 18.55, 19.15, 19.55 шығады. Алайда, «VoSca» ЖШС тасымалдаушысы кейде өз жұмысын бекітілген кестеге сәйкес атқармайды. Мысалы, 1-10 қазан аралығында жоспарланған 140 рейстің 136-ы іске асты. Бүгінгі таңда, осындай жауапсыздықтың алдын алу үшін және жолаушыларды тасымалдаудың сапасын арттыру мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Қоғамдық көліктерге шағымдарыңыз болса, 26-66-00, 26-05-01 телефон нөмірлеріне хабарласа аласыздар.