Күршім ауданы Игілік ауылындағы клуб үйі жөндеуден өтті

651
көрілім

Марқа өңірінен шыққан меценат, танымал дәрігер Жақсыбай Бижігітов Игілік ауылындағы клуб үйін өз қаражатына жөндеп берген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Күрделі жөндеуден өткен ауыл клубының бүгін көркі басқаша. Кәсіпкер Жақсыбай Бижігітов мәдениет ошағын қалпына келтіруге 10 млн теңге жұмсаған. 

- Жақсыбай Бидахметұлының туған өлкесінің дамуы үшін атқарып жатқан игі істері зор. Бұған дейін ауылдың амбулаторлық пунктін жөндеп, ауылдастарына ауызсу тартып берген болатын. Көпбалалы отбасының баспанасын жөндеуге де қаражат бөлген. Алыста жүрседе туған жерін ұмытпай, көркейіп дамуына көмектерін аямайтын ел азаматтарына алғыс білдіремін! - деді аудан әкімі Дулат Қажанов.

Заманауи талапқа сай жабдықталған клуб үйінің ашылу салтанатына арнайы Алматыдан келіп Жақсыбай Бижігітов қатысты. Меценат азаматқа разы болған ауылдастары ат мінгізіп, иығына шапан жапты.