Күршімдік Бек Әмренов 50 жылға жуық ғұмырын волейболға арнап келеді

2193
көрілім
Фотосурет VKsport.kz сайтынан

Бразилиядағы футбол мен Күршімдегі волейбол спорты десек, көкейге алғаш болып оралатын қандай сөз? Қиын-ақ... Негізі қиын түгі де жоқ, тек екі түрлі спортқа деген бір ғана әсіре әуестік. Қолға алған ісіне әуестігі аспандап тұрған жан ғана қолтаңба қалдырып, жүріп өткен жолына қайталанбас із сала алады. Аймақта ондай адамдар аз емес. Бұл жолы мақалаға арқау болған өңірлік қана емес, ел көлеміндегі волейболдың өркендеуіне үлес қосқан ардагер спортшы жайлы қалам тербеуді жөн көрдік. Күршім ауданының Ақсуат ауылында өмірге келген Бек Әмренов жайлы бұған дейін де жазылғанымен команда даярлаудағы дара жолы ел ағасы жайлы тағы бір жазуымызға себепші болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мүмкіндік алу мұң болатын

Бек Әлімханұлы бүлдіршін кезінде-ақ ата-анасы аудан орталығына қоныс аударып, жаңа бір әлемнің есігін ашқандай еді. Жаңа әлем деуіміз де тегіннен емес. Бұл жақта ала доптың қадірін әр тұрғын, әр сәби, тіпті егде жастағы қариялар да жете түсініп, «осы бір ерек дәстүрдің қылы үзілмесе екен» деп тілеулестік білдіретін. Осынау «жаңа әлемде» волейболдан кіл мықтылар бас қосатын саябақтағы «қырғын» ойындар мен сырт көз сүйсіне қарайтын бәсекелестік артып тұратын. Былайша айтқанда, волейбол – бұл ауданды өзге өңірлерден айрықшалап тұратын бойтұмар іспетті саналды. Күршімдегі саябақ бір жылдары демалыс пен бойжазу орны ғана емес, деңгейі жағынан кәсіби ойыншылардан еш кем түспейтін тартыс алаңы еді. Сенесіздер ме, дәп сол жерде ойнауды талай бозбала мен жастар арман етті. Тіпті бір сәт білгеніңді паш етіп, ойын өрнегімен өзгелерді тәнті қылу үшін алдымен апта бойы жан-жаққа домалап кеткен доптарды әкелуің тиіс. Мұның өзі ойнау құқығына ие болған жағдайда ғана еді. Ал оған дейінгі іріктеу кезеңдерінен іркілмей өту екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Әуелі өз аулаңда оқ бойы озық шығу, сосын көше-көшені аралап, басымдығыңды байқату, кейін сегіз сыныптық мектептің спорт залында қарсыластарыңды сан соқтыру арқылы аты аңызға айналған алаңда ойнауға шақырту алуың мүмкін. Соның өзінде, мана айтылғандай доптарды әкеліп барып көпшілік алдында әуселеңді байқайсың. Бек аға осының барлығын сартап сағынышпен еске алды. Қызық сәттердің бірі, мана айтылған сегіз сыныптық мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Владимир, Николай Акуловтардың ойыншы таңдау сәті еді. Әр оқушының ойынын бақылап болған соң «сен, сен Гагарин орта мектебіне барыңдар» деп нұсқау береді. Қос мұғалім шақырылған оқушылардың күнделігін қарап, қойылған «екілік» бағаларын көрсе, алдымен оқу үлгерімін түзетуді талап еткен. Көңілде командаға ілігемін деген сенімі бар әр бала алдымен оқуын реттеп, содан барып мәуелі саябақта ойнайтын. Бұл деген жоғарғы лигаға жолдама алғанмен бірдей еді. Іріктеу деп осыны айтса керек!..

Жетістігі жетіп артылады

Жасөспірім шағында-ақ ойын үйлестірушісі міндетін мүлтіксіз атқарған оқушы 50-ші жылдардың бел ортасында-ақ көптің назарын аудартып үлгерді. Ойын ырғағы айқай-сүреңге басып, алған бір ұпайдың өзі өлшеусіз еңбекті қажет еткен шақта Бек Әмреновтың шабуылшыларға шығарып берген әр добы діттеген жерінен табылып жатты. Осы мәуелі саябақтағы ала доп айқасына өзге аудандардан да арнайы атбасын тіреп, Күршім волейболының «Меккесіне» айналған алаңда ойнауға айрықша құмартатын. Оқушы кезінен осынау көзге тартымды спорт түрінің іргетасын берік қалаған жерлесіміз аудан орталығындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті бітіріп, Өскемендегі педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетіне түседі. Институтта оқып жүргенінде бірнеше спорттың шетін ұстап, ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетті. Шаңғы бойынша ел чемпионы, баскетболдан ел чемпионатының күміс, гандболдан қола жүлдегер атанды. Ал оған дейін оқушы кезінде биатлон спортынан оза шауып, веложарыстан да жаттықтырушылар сенімін ақтаған.

– Оқушы кезімізде аудан көлемінде дене шынықтырудан арнайы маман болмады. Әйтсе де бағымыз бар екен. Тоғызыншы сынып оқып жүргенімізде мектепке ерлі-зайыпты Николай және Зинаида Ручколар келіп, Күршім бойынша тұңғыш жоғары білімді оқытушылар ретінде жұмыстарын бастады. Николай Федорович бойшаң, көзілдірік таққан азамат, жұбайы ақсары өңді. Екеуі де баскетбол, шаңғы және спорттық гимнастикадан өз ісінің білгірлері еді, – дейді ардагер волейболшы.

ҚР волейбол федерациясының Президенті Нұртай Абыкаевпен

Әмбебаптыққа қарай қадам

Спортқа икемі бар күршімдіктер үшін мектептерде денешынықтыру пәнінің шын білгірлерінен тәлім алу 9-11 сынып аралығын қамтыды. «Баскетболға ден қойғанымыз соншалық, кейбір командаларды 98:3, 98:4 есебімен ойсырата жеңген сәтіміз де болды» дейді жерлесіміз өткенді бір ой елегінен өткізіп. Десе де күршімдіктердің жолына Марқа өңірінің оқушылары кесе көлденең тұрып, едәуір қауқар көрсеткен. Бек Әлімханұлы бірнеше спорт түрі мен білімді ғана қатар алып жүрмеді, өнерден де қаражаяу емес-тұғын. Төртінші сынып оқып жүргенінде-ақ ырғақты вальс, сыған, чарльстон, бостон сынды би түрлерін үйреніп, талап-дарын көкжиегін кеңейте түсті. Сайып келгенде мұның барлығы – әмбебаптық. Әр саланың шетін ұстаған шығысқазақстандық өрен институтта да өзін үздік қырынан көрсетті. Төрт жыл ішінде студенттер командасында республикалық жарыстарда жүлденің алдын бермеді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң 75 студенттің ішінде жолдама бойынша Бек Әлімханұлын ғана жол-құрылыс институтына (қазіргі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ) жібереді. Мына бір қызық датаны еске сақтаған жөн. 1970 жылдың 17-тамызында 1947 жылы өмірге келген Бек аға осы білім ошағында табан аудармай қызмет етіп, 2017 жылы 70 жасқа толған шағында институттағы қызметін аяқтайды. Тіпті еңбек кітапшасында тек бір жұмыс орны ғана тіркелген. Мамандығына деген махаббаты мен адалдығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Не десек те бір ғана салада 47 жыл үзбей еңбектенген жандар ілуде біреу шығар.

Бапкердің бағындырған биігі

Енді Бек Әлімханұлы осы аралықта бапкер ретінде қандай жетістіктерге жетті және қандай командалардың томағасын сыпырды? Соған аз-кем тоқталайық. Бәлкім, келтірген мысалымыз артықтау болуы мүмкін. Дегенмен 2015,16,17 жылдары «Алтай» ерлер волейбол клубының қатарынан үш жыл Суперкубок иегерлері атанғаны – сол уақыттары Бек Әмреновтың ақыл-кеңесі мен ықпалы болды деген сөз. Команданың бабы келісіп, айдарынан жел есіп тұрды. Сергей Гуменюк үйлестіруші міндетін мінсіз атқарып, допты ара-тұра бос алаңға тастап жіберсе, украин елінің өкілі Василий Тупчий артқы алаңнан құлаштап кеп ұрғанда қарсылас тарапы қорғаныста шарасыз еді. Бесқарағайлық Дамир Әкімов аласа шығарылған допты діттеген жеріне шегелесе, Әсет Базарқұлов, Василий Донец сынды шабуылшылар «тисе терекке» деп доп ұрғаннан гөрі қарсыласты допты қабылдауда қателікке бой алдыруға итермелейтін еді. Жалпы оған дейін Бек Әлімханұлы 2002 жылы Өскеменде кәсіби волейбол клубын құру туралы ой-ұсынысын ортаға салған. Білікті маманның бастамасын қолдай түскен сол кездегі ШҚМТУ ректоры Ғалымқайыр Мүтәнов келісімін беріп, «Шығыс-ВКГТУ» командасы құрылды. Негізі, техникалық университетте кәсіби команданың болуы сирек құбылыс. Кілең көздерінде от ойнаған құрыш білекті студенттер! Жасыратыны жоқ, ел чемпионатының жоғарғы тобында сойқан салып, аймақ абыройын асырды.

– Команда құрылғанда ректорға жоғарғы топ болғандықтан төрт жыл уақыт беруін сұрадым. Салған жерден жүлдеге ілігу қиын еді. Сөйтіп, алдымен 16 команданың ішінде 14-ші орын алып, төрт жылға таяған тұста элиталық топта көш басына шықтық. Әрі қарай Суперлига тұрды, ол жерде жүлде алу оңай емес еді, – дейді волейбол спортының саңлағы.

Жаттығудағы жауапкершілік жүгін сезіне білетін бапкер

Қолындағы құнды сертификат

Бұдан кейін Бек Әмренов қызметте болғанда «Шығыс» атты команда құрылды. ҮМЗ-да жоғарғы лига ашылып, аталған зауыттың легионерлер мен жергілікті ойыншылардан жасақталған ұжымнан басым түсті. Осы бір сәт өңірлік волейболдың біртіндеп өркендеу сәті еді. Маңыздысы сол, өз аймақтарда сырттан келген ойыншыларға сенім артылса, Шығыс өлкесінің волейболшылары кілең жергілікті жігіттерден құралып, деңгейі жағынан да ешкімнен кем түспейтін. Кейін «Шығыс» пен «Алтай» командалары біріктіріліп, «Алтай» деп аталды. Волейболшылардың бір ұжым есебінде өнер көрсетулері заңдылық еді. Себебі «Алтай», «Шығыс» және семейлік «Қуаныш» сынды үш команданың жоғарғы топта ойнауы қаржылық тұрғыда шығын болатын. Абзалы, сайдың тасындай іріктелген жігіттерден алынбас команда жасақтау дұрыс саналды. Иә, Бек Әлімханұлының жоғары нәтижені қымбат жалақы алатын легионерлер емес, жергілікті волейболшылардың өздері де көрсете алатындығын сан рет дәлелдеді. ҚР Еңбек сіңірген мәдениет және спорт қайраткері, жоғары санаттағы ұлттық төреші, өз уақытында волейболдан ерлер командасының бас бапкері болды. Волейбол спорты бойынша бапкерлік шеберлігі халықаралық сертификатпен бекітілген. Өзінің айтуынша, сол сертификат әлемнің кез келген нүктесінде бапкер ретінде қызмет етуге мүмкіндік береді. Алайда жерлесіміз туған өлкесінен кеткісі жоқ. Ардагер ойыншы бір кездері атағы алысқа жайылған «Буревестник Алматы» командасында әр жылдары өнер көрсеткен Төленді Ахметжанов пен Марат Адрышевтарды ерекше ықыласпен атап өтті. Марат ағаның бойы 203 см-ді құраған әрі шабуыл шебіндегі соққысы да жойқын еді. Маңыздысы сол, қос азамат та күршімдік сақа ойыншылар. Бек Әлімханұлы соңғы жылдары «Алтай» ерлер командасының Суперлигада жоғары нәтиже көрсете алмағанымен, басқа да көрсеткіштерді ескере келе өңірдегі ала доп бәсекесін Қазақстан волейболының «Меккесі» саналатынын баса айтты. Атағы алысқа кеткен бапкер осылай десе жергілікті ойыншылардың бұрынғы бабына енетіндігне кәміл сенімдіміз. Қолдағы бар деректерді жинақтай келе Бек Әмреновты облыс көлеміндегі волейбол спортының негізін қалаушылардың бірі деп таныдық. Отбасында сыйлы отағасы, ардақты әкенің жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы екендігіне кезекті мәрте куә болдық.

Әділхан ЕСІМХАНОВ