Маусымды «Мәжнүн» драмасымен ашты

317
көрілім

Жастар театры ІҮ-ші маусымды «Мәжнүн» лирикалық драмасымен ашты. Премьераға қойылым авторы, ақын Исраил Сапарбай келіп қатысты.

Қойылым алдында Жастар театры баспасөз брифингін өткізіп, жаңа маусымдағы жаңалықтарымен бөлісті.

– Өткен маусым біз үшін жемісті болды, – дейді Жастар театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов, – Халықаралық Самғау фестиваліне қатысып жақсы пікірлерге ие болдық. Осы маусымды бастамас бұрын Алматыда өткен Р.Сейтметов атындағы республикалық фестивальде өнер көрсеттік. ІҮ-ші маусымда көрермендерге әр түрлі драмалар мен комедияларды, балаларға базарлық қойылымдарды ұсынуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ шетелдік режиссерлердің бірін театрымызға шақырмақпыз. Бірақ оның кім екені әзірге құпия болып қалсын.

Жаңа маусымның алғашқы қойылымы жайлы спектакльдің режиссері Дарын Қалибекұлы айтып берді.

– «Мәжнүн» лирикалық драмасы 1986 жылғы сұрапыл көтерілісті баяндайды, – дейді ол, – Тағдырдың тәлкегін кешкен Ғазиз есімді кейіпкердің басынан өткен қиындықтары, оның жаратылысы бөлек Сағынышқа ғашық болуы көрініс табады. Бірнеше апта бойы дайындалған әртістеріміз көрермендерді сағынып қалды. Премьерамызға Алматы қаласынан ат терлетіп келген Исраил ағамызға үлкен алғыс!

Расымен де патша көңілді көрермен Жастар театрының әртістерін сағынып қалыпты. Қойылымға келген Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары аз болған жоқ.

– Дарын жас болса да, аттың басындай жүрегі бар екен, – дейді Исраил Сапарбай, – Себебі Желтоқсан жайлы спектакльді сахналауға көбісінің жүрегі дауаламайды. Бұл – батылдық. Қойылым жүрекке жетті ме, жоқ па оны халықтан сұрау керек. Автор ретінде менің айтарым өте көп. Дарын екеуіміз әлі талай сырласып, өзгертуге болатын жерлерін ақылдасамыз.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ