Мемлекеттік қызметті енді бірнеше әлеуметтік желі арқылы алуға болады

468
көрілім

Осыған дейін тұрғындар Телеграмм қосымшасындағы egovkzbot-тан түрлі анықтамаларды алып, сервистерді пайдаланды. Енді дәл солай қызметтерді танымал Facebook және Vk әлеуметтік желілері арқылы жүзеге асыра аласыз, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Әзірге ВКонтакте жүйесінде 19, Facebook арқылы 15 қызмет түрі тұрғындар үшін қолжетімді.

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өзінің қызмет түрін кеңейтуде. Енді қажетті құжаттар мен анықтамаларды Телеграм қосымшасынан бөлек басқа бағдарламалар арқылы алуға болады. Қазір бұл қосымшалар барлық адамның ұялы телефонында орнатылған. Тіпті болмаған жағдайда ХҚКО-ға келіп, көмек сұрай алады, – дейді ШҚО филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.

Аталған қызметті іске асыру үшін:

*Facebook арқылы қызметтерді алу үшін әлеуметтік желінің мэссенджерінде «Портал egov.kz» жазуын енгізіп, бот сілтемесін басыңыз. Сізге бірден қызметтер мәзірі шығады.

*ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі сервисті қолдану үшін онда «Портал egov.kz» аккаунтын тауып, хабарлама жазатын жерде диалог терезесін таңдаңыз, қажетті қызметтер мен сервистерді алу үшін сізден ЖСН мен телефон нөмірі сұралатын болады.

*Әлеуметтік желілердегі мемлекеттік қызмет боттарын смартфоннан да, ноутбуктен де бірдей пайдалануға болады.