Нұрсұлтан Тұрсынов Токио Олимпиадасына жолдама алды

5974
көрілім
Фотосурет ресми күрес парақшасынан алынды

Семейлік палуан жартылай финалда үнді спортшысынан басым түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қалың жанкүйер «бір өкініш, бір үміт» деп, Олимпиада ойындарына жолдама иеленуден күдер үзе бастаған еді. Палуандардың мүмкіндіктері мол болғандай көрінді. Алматы қаласы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы. Алайда алғаш болып бозкілемге беттеген Мейіржан Шермағамбет те, Олжас Сырлыбай да, тіпті 40-тың қырқасына шығып, Олимп шыңына көтерілемін деген Георгий Цурцумия да қарсыластарынан айласын асыра алмай, төртжылдықтың басты бәсекесінің жолдамасынан қағылды. Амал нешік...Десе де семейлік Нұрсұлтан Тұрсынов аталған спортшылардың сылбыр белдесулерінің орнын толтырып, жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Соқыр жеребе алдымен жапон спортшысы Масато Сумимен жолықтырып, қос спортшының бар мүмкіндіктерін паш етулеріне негіз болды. Дегенмен жерлесіміздің жеңісі жартылай финалға жеткізді. Есеп 5:3, Суми де оңайлықпен берілмеді. Енді екінші белдесу. Жолдама тек финалға шыққандарға берілетіндіктен бұл кездесудің де маңызы орасан еді. Қарсылас – Үндістанның үздігі Кумар Сунил. Бұл жолы Нұрсұлтан айбарына мініп, белдесудің бел ортасында қарсыласын төрт ұпайлық жасап, алып ұрды. Бұл әрекеті жалпы есепті 9:5 қылып, айқын жеңіспен аяқталды. Бастысы, жолдама қоржында! Шешуші сындағы қарсыласы – қытай палуаны Фей Пенг.

Финалдық белдесулер елорда уақытымен кешкі сағат 18:00-де өтеді.