«Олар адам емес»: депутат педофилдерді кастрациялауға үкімет келіспегеніне ашуланды

310
көрілім
Фото:qaz.ulysmedia.kz сайтынан

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха балаларға зорлық-зомбылық жасайтын педофилдерге жазаны күшейтуге құзырлы орган дайын екенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

“Үкімет табанының бүрі жоқ екенін көрсетті”

Мәжілісте бүгін балалар мен әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық кезінде қылмыстық жауапкершілікті күшейту мәселесі бойынша заң жобасы талқыланып жатыр. Отырыста депутат Елнұр Бейсенбаев балаларға зорлайтын қылмыстыларға жауапкершілікті күшейту мәселесін көтерді.

– Қазір педофилдерге қатаң жаза тағайындалады. Олар өмір бойы түрмеге қамалады. Десе де, фракция атынан біз бір топ депутат болып, хирургиялық кастрация туралы ұсыныс берген едік. Бірақ бұл жерде үкімет өзінің табанының бүрі жоқ екенін көрсетті. Аталған түзетуді қолдамады. Әртүрлі сылтау келтіреді: адам құқығы конвенциясына қарсы дейді. Аргумент әлсіз бірақ. Еуропа елдерінде хирургиялық кастрация бар. Күнбе-күн барлық педофильді кастрациялау керек деп тұрған жоқпыз. Біз шешімді сот қабылдаса дейміз. Егер педофилия аса қатігездікпен жасалса, біз хирургиялық кастрацияны жасау керек деп есептейміз. 30-40 жылдан кейін түрмеден шыққан қылмыскер қылмысын қайталамайды деп ешкім айта алмайды, – дейді ол.

Бейсенбаевтың айтуынша, жылына шамамен осындай санаттағы қылмыстардың 800-і тіркеледі. Педофилия жағдайы 2022 жылы 430 рет болған. Депутат неге жазаны қатайтпай отырғанын ішкі істер министрлігінен сұрады.

Олар адам емес. Біз фракция атынан бәрібір осы түзетуді ұсынамыз, – деді ол.

“Онсыз да өмір бойы түрмеде отырады”

Бұл сұраққа жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл мәселені реттеу ведомствоның құзыретінен тыс екенін айтты. Оның сөзінше, педофилдер онсыз да өмір бойы түрмеде отыратындықтан,, кастрациялау туралы шешімнің қажеті жоқ деген шешімге келген болуы мүмкін.

– Бізде медициналық кастрация бар. Соттар ондай шешім қабылдайды. Ішкі істер министрлігі жазаны күшейтуге қарсы деп айта алмаймын. Біз жазалаушы орган ретінде жазаны күшейтуге дайынбыз, – дейді ол.

Өз кезегінде оқу-ағарту вице-министрі де жазаны қатайтуды қолдайтынын айтты.