Өңірімізде бәс тігемін деп бармақ тістеп қалып жатқандар аз емес

132
көрілім

Соңғы жылдары спорт ойындарына бәс тігуге басымен беріліп, қарызға белшесінен батып жатқандар көбейіп кетті. Оңай олжаға кенелуді ойлайтын олардың арасында құмарлықтың құлы болып, отбасын ойран еткендерді де естіп жатырмыз. Психологтардың айтуынша, лудомания (ойынға деген құмарлық) дертіне ұшырағандар тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін. Осы ретте, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары барлық букмекерлік кеңселерді ойын автоматтары орналасқан Қапшағай мен Шу қалаларына көшіру жайлы бастама көтеруде.

 

Ақша саламын деп азапқа түсті

35 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны Жанерке Самалбекова (аты-жөндері толықтай өзгертілген) құмар ойындарының қаншалықты індет екендігін жақсы біледі. Себебі букмекерлік конторалар мен бәс тігу оны күйеуінен айырған. Қазір ол жалдамалы пәтерде жалғыз қызын тәрбиелеп отыр…

– Бәс тігу деген есірткі сияқты, – дейді Жанерке, – Оған тәуелді болып қалған адам басқа ештеңені ойламайтын дәрежеге жетеді. Отбасының тірегі болып, бала-шағасын асырағанның орнына букмекерлік кеңселерді торуылдауға көшеді. Бұл деген өте қорқынышты нәрсе.

Оның айтуынша, әуел баста бәс тігу зияны жоқтай көрінген. Бірнеше рет оған еш себепсіз гүл мен сыйлықтар әкелген күйеуі футболға ақша тігіп, ұтыс ұтып алғанын айтыпты. Ойына еш секем келмеген әйел бұған қуанып, зайыбының бойындағы өзгерістерді байқамаған.

– Бастапқыда ештеңе етпейтін шығар деп ойладым, – дейді Жанерке Самалбекова, – Ер адам болған соң достарымен футбол көріп отырып, арасында бәс тіккеннің айыбы жоқ болар деп топшыладым. Оның үстіне, салған ақшасы да 500-1000 теңгеден аспайтын. Ал оның құмарлықтың құрсауында кеткенін білгенде тым кеш болды…

Букмекерлік кеңселерден шықпайтын еркек ит де сүйек қарыз болатын дәрежеге жетіпті. Бұл бассыздығын доғаруды талай мәрте талап еткен жұбайына ол «сәл шыдай тұршы. Келесі жолы қомақты қаражат ұтамын» деуден басқаны айтпайтын. Жәнерке өздері тұрып жатқан пәтердің банкке кепілдікке берілгендігін сот орындаушыларынан бір-ақ білді. Сол кезде сабыр суы сарқылған әйел ажырасу туралы өтініш жазған.

– Мен жолдасыма сүйіп қосылдым, – дейді көзіне жас алған Жанерке, – Бірақ бәс тігуге берілген ол бос тұрған тоңазытқышқа да, жылап жатқан балаға да қарамайтын болды. Ұтылып қалған сәттерінде ашуға булығып, менен ақша сұрайтын. Ажырасқаннан кейін бірнеше күн келіп қайта қосылғысы келетіндігін айтқан еді. Ал қазір оның қайда екенін білмеймін. Сол баяғы букмекерлік кеңселерден бас алмай жүрген шығар.

Бұл бір ғана оқиға емес. Көкпекті аудандық «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне 1-ші дәрежедегі электроншы маман болып жұмысқа орналасқан 22 жастағы Қанат Құматаев құмар ойын десе әуселене түсетін. Ай сайынғы алған жалақысын ол букмекерлік кеңсенің ғаламтордағы сайты арқылы ұтысқа тігіп отырады. Алайда, үкілеген үміті ақталмай ұтылып қалып, қалтасы қағылған көкпектілік ақшаны қайдан табарын білмей әуре-сарсаңға түскен. Сол кезде оған «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне тиесілі қаражатты жымқыру ойы туындайды. Сөйтіп, қитұрқы қылығын іске асырған ер адам бірнеше ай бойы мекеме қаржысын заңсыз иеленіп келген.

Бар-жоғы екі айдың ішінде Қанат 4 930 000 теңгені заңсыз иеленген. «Қазпошта» АҚ бюджетіндегі ақшаны уысында ұстаған жігіт 20-50 мың теңгеден аударып отырған. Ал абоненттік нөмірге түскен ақшаны ол букмекерлік кеңсенің сайтымен тағы да ұтысқа тігуін жалғастырады. Сөйтіп құмар ойынға белшесінен берілген жігіт өзі жұмыс істеп жүрген мекемеге 5 миллион теңгеге жуық шығын келтірген. Ісі аудандық сотта қаралған айыпталушы сот отырысында:

– «Қазпошта» АҚ қаражатына құмар ойындарға бәс тіктім. Көбінесе ұтылсам да, арасында ұтысқа ие болған кездерім де болды. Сол 1 904 950 теңге ақшаны пошта шотына қайта аудардым. Ал бастықтың «пошта бөлімшесінің қаражаты қайда кетіп жатыр?» деген сұрағына «бағдарламада ақау туындаған болуы керек» деп жауап бердім. Қазір «Қазпошта» АҚ-ға келтірілген материалдық шығынды төлеуге мүмкіндігім жоқ. Алайда болашақта ол соманы міндетті түрде толықтай өтеп беремін, – деп жауап берді.

Сот үкімімен Қанат Құматаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

 

«Құмарлық емес қызығушылық!»

Десе де кей адамдар орнымен бәс тігудің еш зияны жоқ деп есептейді.

– Спорт ойындарына ақша салып келе жатқаныма 10 жылдан асты, – дейді Мирас, – Ара-тұра ұтып тұрамын. Бір ретте тіпті 2 мың теңгеден 40 мың теңге ұтыс алғаным рас. Бірақ көбінесе ұтылып жатамын. Бәс тігуге құмарлық танытпай, қызығушылықпен қараған дұрыс.

Осы оймен келісетіндердің көбісі «жұмысқа кедергі келтірмесе болды. Арақ ішіп, есірткі қабылдап жатқан жоқпыз ғой» деген пікір білдіруде.

– Бала күнімнен бір футбол командасына жанкүйермін. Ермек үшін кей кездері оларға бәс тігетінім бар. Басқа ойындар мен үшін қызық емес. Сондықтан құмарлықтың құрбаны болмайтыныма кәміл сенімдімін.

 

Психолог не дейді?

Алайда психологтар бәс тігудің ішімдікке тәуелділіктен де қауіпті екендігін айтуда. Себебі құмарлықтың жетегінде кеткендер ақыл-ойдан айырылып, психикалық жарақат алуы әбден ықтимал.

– Мейлі ол ойын автоматтары немесе спортқа бәс тігу болсын, ақша жүрген жерде құмарлық туындайды, – дейді психолог Ирина Третьякова, – Ал бойында тәуелділік пайда болған адам ешқашан өзінің кеселге ұшырағанын мойындамайды. Осындай жандар ұтылып қалғанда, өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін. Бұның басқа да жаман жақтары жетерлік. Құмарлық құрбанына айналғандар бәс тігуден басқа ештеңеге қызығушылық танытпайды. Жақындарын алдап-сулап ақша сұрап, несие алады. Нәтижесінде барлық дүние-мүлкінен айырылып, қарызға белшесінен батады. Сөйтіп ол алты батпан азапқа түседі. Ал бұл күйзелістен шығу үшін тек психолог көмегінің аздық ететіндігі анық.

Оның айтуынша, бәс тігуге көбінесе ер адамдар беріліп жатады. Бірақ нәзік жандылардың арасында да бұл індетке тап болғандар кездеседі екен.

– Баланың тәрбиесіне кішкентай кезден бастап мән беру керек. Компьютерлік ойындар да өте қауіпті. Егер балаңыз ойын ойнаған кезде жеңіліп қалып қатты ашуланатын болса, ойлануыңызға тура келеді.

 

Тыйым салу да тосқауыл емес

Жыл басында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары барлық букмекерлік кеңселерді ойын автоматтары орналасқан Қапшағай мен Шу қалаларына көшіру жайлы бастама көтерді. Олардың ойынша, бұл шара бәс тігуге берілгендердің санын азайтуға ықпал етеді. Бірақ букмекерлік кеңселердің өкілдері бұнымен келіспейді.

– Букмекерлік кеңселерді жауап тастағанның өзінде ғаламтордағы сайт арқылы онлайн бәс тігуге болады, – дейді Өскемен қаласындағы букмекерлік кеңселердің бірінде жұмыс істеген Алина, – Бұл үшін тек ұялы телефон мен банк картасы керек. Сонымен қатар, букмекерлік кеңселерді Қапшағай мен Шуға көшіру де ешқандай нәтиже бермейді.

 

****

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтар болсақ, букмекерлік кеңселерге тыйым салудан бұрын жастарымыздың бәс тігуге тәуелді болуының алдын алу жағын ойлағанымыз дұрыс сияқты. Осы орайда, жасөспірімдердің букмекерлік кеңсеге бармауы үшін олардың қызығушылықтарын басқа арнаға бұруымыз керек. Бала күнінен компьютерлік ойындарға көп жолатпай, спортпен шұғылдануға, кітап оқуға, білім алуға дағдыландырсақ нұр үстіне нұр болар еді.

 

Біздің анықтама

Бәс тігудің тарихы Рим империясынан бастау алады. Дәс әуелі бәс тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана тігілген. Алғашында бұл жай көңіл көтеріп, уақыт өткізу үшін ұйымдастырылса, бүгінде біреулердің қыруар ақша табатын кәсібіне айналып отыр.

ХІХ ғасырда кез келген спорттық ойынға алдын ала болжам жасап, ақша тігуге мүмкіндік туды. Сол-ақ екен, онсыз да делебесі қозып жүрген жанкүйерлердің тиегі ағытылды. Мұны байқаған пайдақұмарлар бәс қабылдайтын арнайы орталықтар ашып, ауадан ақша жасауға көшті. Содан бері букмекерлік кәсіптің аясы тарылып көрген жоқ. Бәс тігу бизнесі елімізге негізі ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында келді.
 

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

 

Фотосурет: ашық дереккөз