Өскемен қаласына қарасты Самсоновка ауылында елдімекен атауы жазылған тақтайша орнатылмаған

1295
көрілім
Фотосуреттер автордікі

«Бұл ауылдың атауы жазылған тақтайшасы қайда?» деген сұрақты Өскемен-Самар тасжолы бойымен өтіп бара жатып көп адам сұрап жатады. Иә негізінен белгілі ғой, облыс орталығына санаулы шақырымдар қалғанда оң жақтан қоныс тепкен елдімекен Самсоновка деп аталады. Кім білсін, белгілі бір ауданға қарасты болса орналасқан жері көптің көзі түсер көрікті өлкеде қоныс тепкен ауыл атауы алыстан-ақ менмұндалап тұрар ма еді? Қала іргесінде тұрса да ресми құжат саналатын атаудың неліктен жазылмай келе жатқандығын қала әкімдігінен сұрап көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қаражат бөлінсе қаралмақ

Тұрғындары белсенді, басқан қадамдары сенімді. Құрғақ мадақ емес, ауылдағы қызу тірліктің қазіргі жай-жапсары осындай. Қуантарлығы сол, «алма піс, аузыма түс» дегеннің кері емес, «Телміріп алған теңгеден тер сіңдіріп алған тиын артық» дегенді бағдар еткендей жергілікті жұрт. Алайда көңілдерінде бір алаң бар. Учаскелік полиция, болмаса осы өңірге белгілі бір мән-жайларымен атізін салған тәртіп сақшылары өріске мал айдағандарға килігіп, тиісті белгінің (перегон скота) орнатылмауына байланысты бұл әрекеттерінің заңсыз екендіктерін сан мәрте айтқан. Бұқара жұрт қайтпек?

Ауыл іші

Өздерінде қылар шара болмай «осыны кеп біреу қадағаласа» деген екіұдай тілекпен күнді-күнге жалғап келеді. Әйтпегенде кім білсін, «Тазы ашуын тырнадан алады» деп, қабарған қабағы түтігіп кеткен сақшылардың бірі ірі қарасын жайылымға айдап апара жатқан жанға айыппұлды арқалатып жіберуден тайынбайтынын ешкім болжап біле алмайды. Демек, іске қала әкімдігі араласуы тиіс. Топшылап жазсақ, жаңсақ мәлімет айтқан болармыз, ауыл тұрғындарының санын сұрап едік, әкімнің орынбасары жанама жауаппен шектелді.

– Соңғы үш жылда Самсоновка ауылына жеті отбасы келіп, бір жанұя басқа жаққа қоныс аударды. Қаражаттың толық игерілуіне байланысты осы жылы аталған шаруаны жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл мәселе 2022 жылы қаражат бөлінген кезде қаралмақ, – деді шаһар басшысының орынбасары Денис Федченко.

Жауап мал айдап өту белгісі орнатылмайды дегенге саяды.

Орынбасардың ойында жүр

Ал қоғамдық табын, ескерту алған ауыл тұрғындары тәртіп сақшыларының көзіне қайтара түссе қандай шаралар қолданылуы мүмкін екендігі жөнінде бірнеше сауал қойып едік, жауапты тұлға жақ ашпады. Бәлкім, журналист сұрағына жауап берудегі немкеттілік болар, я болмаса жарты ай жатқан жауапқа асығыс-үсігіс түрде сөйлемдер жиынтығын ұсынуды құп көрген. Әйтеуір, Жібек маталар комбинаты ықшамауданына қатынайтын №356 автобустың ұдайы уақтылы қатынайтындығына көз жетіздік. Оқушылар мектебіне кешікпейтін көрінеді. Мұны тұрғындар да растады. «Балам үшін бастысы осы емес пе?..» дейді самсоновкалықтар.

Ресми жауап соңында ауыл атауы жазылған тақтайша жайлы да аз-кем ақпар бөлісті. Сөздеріне сенсек, жоспарларында тұр, алайда шамалап болса да мерзімін айтпады.

– «Жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдары. Қолдану ережелері» ұлттық стандартқа сәйкес Самсоновка ауылына кірберіс жолда елдімекеннің басталуы және оның аяқталуын білдіретін жол белгілерін орнату керектігін хабарлаймыз, – деді Денис Федченко.

Әділхан ЕСІМХАНОВ