Өскеменде 10 жасар баланың өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына нүкте қойылды

317
көрілім

Сот Гагарин бульварында болған жол апатына қатысты істің шешімін шығарды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Оқиға ағымдағы жылы сәуірдің 14-інде орын алған еді. 36 жастағы әйел 10 жасар баласымен жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқанда «Тойота» маркалы көлік қаққан еді. Анасы мен баласы қатты соққыдан ауруханаға түскен. Алайда бірнеше күннен соң бала көз жұмды.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
16 тамыз күні Өскемен қалалық №2 соты 21 жастағы жүргізушіге үкім шығарып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Онымен қоса, бес жылға көлік жүргізу құқығын шектеп, жәбірленуші тарапқа 8 500 000 теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Кінәлі деп танылған жігіт Глубокое ауданы, Прапорщиково ауылының тұрғыны. Бұған қоса, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 3-курс студенті екендігі анықталды.
Кінәсін мойындаған айыпталушының сөзінше, сол күні ол жолаушы тасумен айналысқан. Шақыруға кетіп бара жатқан жүргізуші телефонға назары ауып, кенеттен қатты соққыны сезді.
Сот бекіткендей көліктің жылдамдығы шектен тыс асырылған. Сараптама нәтижесі бойынша, тежеу кезіндегі темір тұлпардың жылдамдығы 73,8 км/сағ болды.