Өскеменде Әскери полиция көліктерінің қыс маусымына дайындығы тексерілді

417
көрілім

Облыс орталығында Әскери полиция бөлiмiнiң қызметкерлерімен көлік кұралдарын қыс мезгілінде пайдалануына байланысты техникалық жай-күйiне тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тәртіп сақшыларының темір тұлпары сенімді болса тұрғындардың да көңілдері жай болмақ. Көмекке уақытылы жетіп, қызмет пен міндетке үлгеру үшін көліктерінің кемшілігі болмағаны жөн. Әсіресе Шығыстың қатты аязы мен бораны талай техниканы діттеген жерге жеткізбей, адамдарды тежейтіні бар. Оның ішінде жұмысы жауапкершілікке толы полицейлердің көліктері сары аязға сақадай сай болуы тиіс.

– Қызметтік көлік пен жеке көлік техникалық жағынан дұрыс болуы қажет. Өздеріңіз де білесіздер аймақтың климаты қатал. Сондықтан адамдарға көмек көрсетіп, жұмысыңды атқару үшін белгіленген жерге кешікпей жетумен қатар, жүргізушілердің өмірі, қауіпсіздігі тыс қалмақ емес. Осы ретте көліктің құжаттары мен техникалық жай-күйі талаптарға сай болуды назарға аламыз, – дейді Өскемен гарнизоны әскери автомобильдік полиция бөлімшесінің басшысы Талғат Замзин.

Оның айтуынша, жол апаты көп жағдайда қыс басталғанда болады. Қысқы дөңгелекті салмай, жабдықтарын толық дайындамаған жүргізушілер жол-көлік оқиғаларына түседі. Мұның алдын алу үшін жасалған шараға Өскемен гарнизоны әскери автомобильдік полиция бөлімшесінде 30-ға жуық көлік тексерістен өткізілді. Алдағы уақытта қалған қалалық гарнизондар қызметкерлерінің көліктері де осындай байқаудан өтпек.