Өскеменде «Кітапханадағы жайдары жаз» атты бағдарлама іске қосылды

735
көрілім

Көзді ашып-жұмғанша тағы бір оқу маусымы аяқтап, оқушылар жазғы демалысқа шықты. Осы орайда Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана балалардың демалысын тиімді өткізу үшін «Кітапханадағы жайдары жаз» атты бағдарлама әзірледі.
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, бағдарлама жаз бойы жұмыс істейді екен. Сонымен бірге барлығы тегін.
- Біз балалардың жазғы демалысын көңілді және пайдалы өткізу мақсатында жазғы бағдарламамызды жалғастырудамыз. Мұнда балалар кітапханамызға саяхат жасап, заманауи технологиялармен жұмыс істеп көрді. «Homo Legens» жаңа кітаптар мен журналдар көрмесімен танысып, өздеріне ұнаған кітапты оқуға алды. Сондықтан қаламыздағы барлық балаларды кітапханамызға келіп, саяхат жасауға шақырамын, - дейді кітапхана қызметкері Айкерім Беливаева.
Бір ерекшелігі, мұнда оқушыларға үшін 13 түрлі қызмет көрсетіледі. Бұл балалардың ой-өрісінің дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.


* «Кітаппен бірге – киелі өлкеге саяхат» – Көне Өскеменге және Шығыс Қазақстан облысының қасиетті жерлеріне 3 D бойынша қашықтан саяхат жасау;
* «Қазақ тілім - ғажап тілім!» – қазақ тілін ойын түрінде үйрену және ертегілер оқу;
* Summer fun with language! («Қызықты ағылшын тілі») – ағылшын тілін ойын түрінде үйрену;
* «Ойна да, ойла!» - тоғызқұмалақ ойынын үйрету сабақтары, ұлттық ою-өрнектерді ойып үйрену шеберлік сыныптары, ұлттық ойындар;
* «Комикстегі шытырман оқиғалар» - сүйікті кейіпкерлердің суреттерін салу байқауы, қызықты ойындар ойнау, фильмдер көру.
* «Жаз, ойындар және МЕН...»– сурет байқауы, танымдық ойындар және викториналар (геймификация);
* «Мен мультфильм жасаймын!» – мультстудияда қызықты ертектер желісі бойынша мультфильмдер түсіру.
* «Изюминка» шығармашылық шеберханасы – балаларға арналған шеберлік сыныптары, түрлі бұйымдар жасап үйрену.
* «Ойынпаз» - балдырғандарға арналған ойын бұрышы;
* «Homo Legens» («Кітапқұмар», немесе «Оқымысты» ) – жаңа кітаптар және журналдармен танысу.
* «Ертектер әлеміне саяхат» - ертек оқып, мультфильм көру.
* «Оқымысты балақай» - сенсорлық үстелде дауыстап оқу.
«Ойлан, тап!» - танымдық ойындар.
* «Bookcrossing» - «Өзің оқы да, өзгеге бер!» - тұрақты қызмет көрсететін көшедегі кітаптар сөресі.


Айта кетейік, оқушылардың ынтасын ояту мақсатында кітапхана қызметкерлері шараға белсенді қатысқандарға арнайы сыйлық табыстайды екен.