Өскеменде «Көзімнің қарасы» атты суретшілер көрмесі ашылды

270
көрілім

Облыс орталығындағы Өнер музейінің үлкен және кіші залында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай өңіріміздегі «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің «Көзімнің қарасы» атты суретшілер көрмесі ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көрмеде Нұр-Сұлтан, Балқаш, Алматы, Өскемен, Семей қалалары, сондай-ақ Аягөз, Жарма, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарының кәсіби суретшілері және бейнелеу өнерімен әр түрлі салада қызмет жасап, өлкеміздің мәдениетіне өзіндік үлестерін қосып келе жатқан жас суретшілердің туындылары топталған. Көрмеге хакім Абайға және өзге де тақырыптарға арналған 49-ға тарта жұмыстары мен зергерлік бұйымдар қойылды.

– Бірлестіктің мақсаты – жастарға ақынның ұлылығын ұлықтап, шығармашылығын насихаттау. Абай туған өңірдің қасиетін, көркем табиғатының құпиясын ашу. Сонымен бірге суретшілердің шеберлігін шыңдау. Көрмеге қойылған туындыларда Абай әлемі мен оның тұлғалық бейнесі бейнеленген, – дейді Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Құдаш Нұрсадықов.

Айта кетейік, «Жаңғыру» бірлестігі 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап өз жұмысын бастаған болатын. Құрамында 20-ға жуық суретші бар бірлестік 2 ай көлемінде атқарған жұмыстарының нәтижесі ретінде 50-ден астам туындыларын көрмеге қойылған. Сонымен бірге мүсіндер мен зергерлік бұйымдар да көрме көркін қыздырды.

Шығармашылық бірлестіктің алдағы мақсаты айқын. Мәдени орындармен бірлесе отырып тек қана көрме емес, шеберлік сабақтарын да өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл көрмеден қылқалам шеберлерінің ұлы Абайдың портреттік образынан тыс, ұлы ақынның мол мұрасын, шығармаларындағы кейіпкерлерін, әдеби көріністерін бейнелеген жұмыстарын көре аласыз. Ал жас суретшілеріміздің шығармаларында «Абай жолы» романындағы трагедиялық драмалар ашық көрсетілген.

Көрме соңында музей тарапынан әр автордың өмірі мен шығармашылық жолы туралы шағын мәлімет беретін буклеттер таратылып, сертификат тапсырылды.

Көрме 2020 жылдың 14 сәуіріне дейін жұмыс істейді.